10 қыр, 2019 сағат 13:57

Еліміздің экология министрлігі жаңа Экологиялық кодекс дайындап жатыр

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев «Жасыл қаржы» ұғымы енгізілген жаңа Экологиялық кодекс туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір жаңа Экологиялық кодексті әзірлеп жатырмыз. Жыл соңында құжат Парламентке түседі және оны талқылауды бастаймыз. Жасыл қаржы мен таза технологияларды жаппай қолдану үшін Экологиялық кодекске «жасыл қаржыландыру», «жасыл жобалар» ұғымдары енгізілген. Сонымен бірге, «жасыл облигациялар», несиелер сынды жасыл қаржы түрлері қарастырылған», - деді Мағзұм Мырзағалиев елордада жасыл өсім туралы ІІ форумда.

Оның айтуынша, Қазақстан жасыл қаржы тарту бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азиялық даму банкі, Дүниежүзілік банк, Жаһандық экологиялық қор, Жасыл климаттық қор сынды ұйымдармен ынтымақтастықты жалғастырады.

«Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, экологиялық және климаттық мәселелерді шешуге қаражат салу тұрақты дамудың маңызды құраушысы болып саналады. «Жасыл қаржыландыру» - «жасыл экономика» дамуындағы негізгі басымдық. Қазақстан жаңа технологиялық шешімдер іздеп, инвестициялар тартуға мүдделі», - деді министр.

Айта кетейік, 10-11 қыркүйекте елордада «Астана» халықаралық қаржы орталығының Жасыл өсімге арналған ІІ форумы өтеді. Оған 300-ден астам әлемдік және отандық сарапшылар, жасыл қаржы мамандары, бизнес пен мемлекеттік сектор өкілдері қатысуда.

Жасыл қаржы - ауаның ластануын төмендетуге, су, энергия мен жылуды тұтынуды азайту сынды бағыттағы жобаларды дамытуға көмектесетін қаржылық ресурстар. Термин қоршаған ортаны сақтау идеясына негізделеді. Қазақстан - посткеңестік елдер арасында жасыл экономикаға көшкен алғашқы мемлекет.