21 қаң, 2022 сағат 14:38

Еліміздегі қаржы жүйесінің инфрақұрылымы штаттық режимде жұмыс істеуде


Қаржы жүйесі мен қаржы нарығының инфрақұрылымы штаттық режимде жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бұрын-соңды болмаған қайғылы оқиғаларға байланысты Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және басқа мүдделі органдармен бірлесіп Сіздің тапсырмаңыз бойынша елдегі қаржылық және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мынадай шараларды іске асырды. Төтенше жағдай режимі кезінде берген Сіздің шұғыл тапсырмаларыңыз шеңберінде қаржы жүйесі қысқа мерзімде штаттық жұмыс режиміне қайта оралды, осы жылғы 7 қаңтардан бастап халыққа арналған негізгі банктік және басқа да қаржылық сервистер кезең-кезеңімен қалпына келтірілді», деді ол Президенттің бизнес өкілдермен кездесуі барысында.

Оның атап өтуінше, биылғы жылғы 10 қаңтардан бастап ақша және қор нарықтарындағы операциялар қайта іске қосылды. Ұлттық Банк стандартты құралдарға қосымша Қазақстан қор биржасында репо және своп операциялары арқылы өтімділікті ұсыну бойынша операциялар жүргізді. Биылғы жылғы 18 қаңтарда жағдай тұрақтанғаннан кейін өтімділікті ұсыну бойынша арнайы құралдарды пайдалану тоқтатылды. 

«Ұлттық банк нарықты қолма-қол шетел валютасымен және ұлттық валютамен үздіксіз толықтырып отыруды қамтамасыз етті, екінші деңгейдегі банктердің барлық сұратулары толық көлемде қанағаттандырылды. Биылғы жылғы 12 қаңтарда Қазақстан қор биржасының валюталық алаңында толыққанды сауда-саттық қайта іске қосылды және халықаралық төлемдер мен аударымдарды жүргізу қамтамасыз етілді. Бүгінде қаржы жүйесі мен қаржы нарығының инфрақұрылымы штаттық режимде жұмыс істейді және барлық қызмет түрлерін көрсетеді», деді Ерболат Досаев.