Республикадағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары ғимараттарының тозуы 55 пайызды құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Толықтай алғанда, республикадағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары ғимараттарының тозуы 55 пайызды құрайды. Бұл ретте ғимараттардың ең жоғары тозуы Ақмола облысында – 79, Солтүстік Қазақстан облысында – 75, Шығыс Қазақстан облысында – 71, Батыс Қазақстан облысында – 69, Атырау облысында – 65 және Қызылорда облысында 59 пайызды құрайды», - деді министр.
Алексей Цойдың айтуынша, 2020 жылы денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың перспективалы жоспарына сәйкес, 197 амбулаторлық-емханалық ұйым нысанын салу жоспарланған. Оның 63-і ғана салынды, 134-і салынған жоқ. Оның ішінде Алматы облысында - 75, Түркістан облысында – 15, Қарағанды облысында - 10, Ақтөбе облысында – 8, Қызылорда облысында 9 нысан салынбады.
«Алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандары 1,5 млн-нан астам бірлік медициналық техникамен қамтамасыз етілген. Бұл ретте жабдықталу 76,6, ал тозу 49 пайызды құрайды. Медициналық техникамен төен жабдықталу Солтүстік Қазақстан облысында – 55, Қостанай облысында - 57, Шымкент қаласында – 72, Ақмола облысында – 74 және Ақтөбе облысында 73 пайызды құрап отыр», - деді ол.