06 там, 2024 сағат 17:29

Елімізде талапкерлерге арналған қосымша қандай білім беру гранттары бар

Фото: Pixabay.com

Ғылым және жоғары білім министрлігі барлығы 8000-нан астам қосымша грант қарастырылғанын мәлім етті. Мәселен "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры 2024-2025 оқу жылына арналған білім гранттары бағдарламасын жалғастырып жатыр. Биыл әлеуметтік осал топтағы тағы 850 талапкер қор гранты бойынша жоғары білім алуға қол жеткізе алады.

Ведомство мәліметінше, 3 000-ға дейін грант қайта бөлінеді. Сонымен қатар 870 жұмыс берушілерден грант беріледі.

Министрлік өкілдері қосымша мынадай білім беру гранттарын атап өтті

  • 800 Түркістандағы Халықаралық Туризм және қонақжайлылық университетінің гранттары;
  • Ректорлық гранттар;
  • 2 475 жергілікті атқарушы органдардың гранттары;
  • 850 "Қазақстан халқына" қорының гранттары;
  • 500 Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде оқу үшін Түркия Республикасынан берілетін грант;

Сонымен қатар ведомстводағылар сессия қорытындысы бойынша бос гранттар алу мүмкіндігі барын жеткізді.

"Қазақстан халқына" қорының ресми сайтындағы мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдан бері бағдарламаның арқасында 2,6 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Ал 2023-2024 оқу жылында қордың оқуға және шәкіртақыға төлеген төлемдері 2,6 млрд теңгені құраған.

Білім грантына:

  • Күндізгі оқу нысанында оқудың барлық кезеңіне "бакалавр" дәрежесін беру кезінде жоғары білім алу үшін жылына 1 миллион теңгеден аспайтын мөлшерде тегін төлем.
  • Жазғы демалысты қоспағанда, тамақтандыру, тұру және оқу әдебиетін сатып алу шығындарын ішінара жабу үшін жылына 10 айға 40 мың теңге көлемінде ай сайынғы шәкіртақы кіреді.

Қор мәліметінше, 2022 жылдан бастап бағдарламаға 93 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы (ЖБО) қатысып келеді.

Білім беру гранттары жоғары білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырыстарын орналастыратын жоғары оқу орындарының тізбесіне енгізілген жоғары оқу орындарының күндізгі оқу нысанындағы бакалавриат бағдарламасы бойынша беріледі.

Өтініш берушілерді таңдау критерийлері:

  • 1) ауылдық жердегі, шағын және моноқалалардағы аз қамтылған отбасылардан;
  • 2) жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар;
  • 3) мүгедектігі бар;
  • 4) мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан;
  • 5) 2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде қайтыс болған Қазақстан Республикасы азаматтарының балалары;
  • 6) 2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде жараланған балалар.   

Сонымен қатар үміткерлердің жасы 29 жастан аспауы керек. Білім беру гранты жеке тағайындалады, аударылмайды және аккредиттелген университеттерде күндізгі бөлімде оқу үшін бір рет беріледі. Мемлекеттік білім грантын алған тұлғалар "Қазақстан халқына" қорының грантына құжат тапсыра алмайды. Грантты екінші дәрежелі немесе онлайн білім алу үшін пайдалануға болмайды.

"Білім беру грантын беру өз қалауы бойынша және үлгермеуі бойынша оқудан шығарылған жағдайларда, сондай-ақ студент оқудың екінші жылына қалдырылған және білім беру гранты иеленушісінің бағдарламаға қатысушыларға тиесілігін растайтын дұрыс емес ақпарат және/немесе дәйексіз құжаттар ұсынылған жағдайда тоқтатылады.
"Қазақстан халқына" қоры аталған талаптарға сай азаматтарын жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларына хабарласуға шақырады. Өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі – 17 тамыз", - делінген қор хабарламасында.