Қазақстанда медициналық авиацияда жаңа үлгідегі ұшақтарға рұқсат берілмек. Бұл жайында сенаторлардың депутаттық сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Медициналық авиация қызметі – жол-көлік оқиғаларының салдарынан болатын өлімді төмендетуге, акушерлік патологиясы бар әйелдерге, туа біткен даму кемістігі бар балаларға, қан айналымы жүйесі аурулары бар пациенттерге және басқа да шұғыл медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық авиацияға бейімделген қазіргі заманғы әуе кемелерін (медициналық модульмен жабдықталған) тарту және ұшудың жаңа бағыттарын (әуе желілерін) құру, қолда бар борттардың техникалық құрамын жақсарту үшін авиациялық қызметтерге тарифтерді ұлғайту мәселесін пысықтауда. Осы мақсатта 5,4 млрд теңге сомасына қосымша қажеттілікке бюджеттік өтінім әзірленді. Ол 2021 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде заңнамада белгіленген тәртіппен қаралатын болады, - деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысының жауабына қоса берілген анықтамаға сәйкес, ел ішіндегі авиациялық қызметтерге қатысты келесі тарифтерді ұлғайту көзделуде:
- АН-2 ұшағының қызметі (17 бірлік) – тариф 1 сағат үшін 270 000 теңгеден 328 000 теңгеге дейін;
- АН-24 ұшағының қызметі (1 бірлік) - тариф 1 сағат үшін 896 000 теңгеден 1 087 000 теңгеге дейін;
- ЯК-40 (2 бірлік) ұшағының қызметі – тариф 1 сағат үшін 1 091 950 теңгеден 1 328 000 теңгеге дейін;
- Pilatus PC-12, Piaggio Avanti EVO үлгісіндегі жаңа әуе кемесін пайдалануға рұқсат ету (тариф – 1 сағат үшін 1750 000 теңге);
- TwinOtter 400, L-410-250 үлгісіндегі жаңа әуе кемесін пайдалануға рұқсат ету (тариф – 1 сағат үшін 760 000 теңге);
- Hawker 800/900, Dornier-328, Bombardier CRJ-200, Pilatus PC-24-350 үлгісіндегі жаңа әуе кемесін пайдалануға рұқсат ету (тариф – 1 сағат үшін 2 120 000 теңге).
«Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік тапсырманы орындау аясында «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорынынан қосалқы мердігерге бөлінетін бюджет қаражатының үлесін ұлғайтуға қатысты Бюджет кодексіне өзгерістер енгізу мәселесін белгіленген тәртіппен пысықтауда», - деді Премьер-Министр.