2020 жылы елімізде 1 830 әйелден жатыр мойны қатерлі ісігі анықталды. Жыл сайын 660 әйел осы дерттен көз жұмады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас онколог дәрігері, Қазақ ұлттық онкология және радиология институтының директоры Диляра Қайдарова Instagram парақшасында өткен тікелей эфирде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қатерлі ісік – үкім емес, бірақ қазіргі уақытта сақ жүруіміз керек. Елімізде бұл дертті емдеудің барлық әдіс-тәсілі бар. Қыздар өздерін жатыр мойнын алып тастайтын жағдайға жеткізбесе екен. Шымкентте, Түркістан облысында болған кезде кейбір әйел гинкологқа 7 жыл, 9 жыл барып көрмегенін айтты. Қатерлі ісік бес жыл ішінде асқынады, сондықтан өздеріңізге көңіл бөліңіздер. 23 қаңтарда еліміздің әртүрлі өңірінде тегін түрде ашық есік күні өтеді. Соған уақыт тауып барыңыздар. Нұр-Сұлтан мен Қарағанды «қызыл аймаққа» кіргендіктен, ол жақта ашық есік күні болмайды, бірақ кез келген уақытта емханаға барып тегін түрде қарала аласыздар», - дейді бас онколог дәрігер Диляра Қайдарова.
Сондай-ақ, бұл дерт жастарға да қауіп төндіретінін айтты.
«Жатыр мойны қатерлі ісігімен ауыратын 28 жастағы қыздар да бар. Бұл дерттің шарықтау шегі 40-44 жас аралығы. 2020 жылы елімізде 1 830 әйелден жатыр мойны қатерлі ісігі анықталды. Жыл сайын 660 әйел осы жерттен көз жұмады, яғни күніне екі әйел жатыр мойны қатерлі ісігі салдарынан көз жұмады деген сөз. Бұл статистика көңіл қуантпайтыны анық, сол себепті онкогинекологқа уақытылы тексеріліп тұрыңыздар», - дейді ол.