09 ақп, 2021 сағат 07:32

Елімізде кедендік декларациялардың 100 пайызы қашықтан тапсырылады

Қазақстанда салық декларацияларының 99 және кедендік декларациялардың 100 пайызы қашықтан тапсырылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі күні жеке және заңды тұлғаларға 44 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, оның ішінде 38-і - электронды түрде. Өткен жылы 22,3 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның 97 пайызы - электронды түрде. Мемлекеттік кірістер комитетінің Байланыс орталығы 2020 жылы 670 мыңнан астам салық төлеушілердің өтінішін өңдеді. Олардың 91 пайызы операторлардың жұмысын «өте жақсы» деп бағалады», - деді Ерұлан Жамаубаев. 

Оның айтуынша, адамдар көбінесе жергілікті салықтарды төлеу, салық берешегінің сомалары, есептіліктерді толтыру және тағы басқа мәселелер бойынша жүгінеді. 

«Енгізілген цифрлық технологияларға келетін болсақ. 2019 жылы біз Астана-1, Электрондық шот-фактуралар, Тәуекелдерді басқару жүйесі ақпараттық жүйелерін енгіздік. Бүгінгі күні салық декларацияларының 99 және кедендік декларациялардың 100 пайызы қашықтан тапсырылады. «Электрондық шот-фактуралар» жүйесін енгізу контрагенттер арасындағы мәмілелерді онлайн режимде қадағалауға мүмкіндік берді», - деді министр.