16 нау, 2021 сағат 09:26

Елімізде қанша оқушы коронавируспен ауырды – министр жауабы

Республика бойынша коронавируспен ауырғандардың ішінде оқушылардың үлес салмағы 0,2% аспайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Офлайн оқытуды біртіндеп іске қосуды ескере отырып, біз күн сайын мектеп оқушылары арасындағы сырқаттанушылыққа мониторинг жүргіземіз. Мектеп оқушылары арасында ауырған жағдайды тіркеу жалғасуда. Республика бойынша коронавируспен ауырғандардың ішінде оқушылардың үлес салмағы 0,2%-дан аспайды. Қазіргі уақытта мектептердегі карантиндік шаралар аймақтардағы сырқаттанушылықты ескере отырып және жеке мектептегі жағдайды ескере отырып қабылданады» - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. 

Оның айтуынша, білім беру мекемелерін оффлайн оқуға дайындау мақсатында карантин режимінің талаптарына сәйкестігіне қатысты 3266 тексеру жүргізіліп, 282 мектепте (8,6%) заң бұзушылықтар анықталды. Қазіргі уақытта барлық анықталған бұзушылықтар жойылды. 

«Сонымен қатар, оффлайн режимде оқитын студенттердің көбеюіне байланысты, аймақтардың әкімдері санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына және КВИ-дің алдын алу бойынша негізгі іс-шаралардың орындалуына тұрақты бақылауды қамтамасыз етуі қажет. Мысалы, білім беру ұйымдары таңертеңгі «сүзгіден» өткізу, қызметкерлердің маска режимін сақтауы, ылғалды тазалау, дезинфекциялау және басқа шаралар атқарылуы керек», - дейді ол.