01 там, 2024 сағат 11:19

Елімізде Ислам ғылыми-зерттеу институты ашылды


Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институты ашылды, деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметі. Бұл институт мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Исламды дәріптеудің ғылыми-теориялық негізін дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында құрылған.

Жаңа институттың директоры қызметін белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Төрәлі Қыдыр атқарады. 

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, институт ұжымы Ислам атын жамылған түрлі жамағаттар мен ағымдардың діни ұстанымдары мен жасырын идеяларын ғылыми тұрғыдан әшкерелеуге, сол арқылы еліміздің тұтастығы мен халқымыздың бірлігіне сызат түсіретін қауіп-қатерлердің алдын алуға назар аударады. 

"Ислам ғылыми-зерттеу институтының негізгі мақсат-міндеті – ғасырлар қойнауынан жеткен рухани-діни көне қолжазбалар мен ескі кітаптарды кадикология-мәтінтанулық тұрғыдан зерделеп, сараптауға, оны ғылыми айналымға енгізуге, бүгінгі қоғам сұранысына орай қайта жарыққа шығаруға үлес қосу. Асыл дініміздің жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген имани-сенім екендігін ғылыми тұрғыдан негіздеу, Ислам өркениетінің дамуына үлес қосқан ғалым-ғұламаларымыздың еңбектерін зерделеп, олардың асыл мұрасын халқымыздың рухани тұтастығы мен ынтымақ-бірлігін нығайту жолында кеңінен пайдалану", – делінген ҚМДБ баспасөз қызметінің хабарламасында.