Фото: Ортком
Биыл 1 сәуірі мен 31 мамыр аралығында Армения, Бельгия, Латвия, Литва, Румыния, Франция және Швейцария елшіліктері Қазақстанда француз тіліне және франкофон мәдениеттерінің көптүрлілігіне арналған Франкофония көктемі мәдени фестивалін ұйымдастырады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз отырысында айтылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Француз Альянстары, франкофон ассоциациялар және бірнеше қазақстандық мәдениет мекемелерімен ынтымақтастықта ұйымдастырылған фестиваль бағдарламасына әр түрлі салалардағы көптеген шаралар енді. Олар - кино, заманауи музыка, заманауи би, конференциялар, әдеби кездесулер, виртуалды шындық пен комикстер көрмелері және француз тілімен байланысты түрлі байқаулар мен сайыстар.
15-Франкофония көктемі Қазақстанның Алматы, Ақтобе, Астана, Карағанды, Өскемен және Шымкент қалаларында өтеді. Биылғы шаралар бағдарламасының мәйегі – инновация және шығармашылықтың көмегімен болашақ туралы француз тілінде армандау.
Франкофония дегеніміз не?
1970 ж құрылған Халықаралық Франкофония Ұйымы (ХФҰ) бүгінгі таңда 90 мемлекет пен үкіметті біріктіріп отыр.
Ұйымның негізгі міндеті – француз тілінің өрісін кеңейту және тілдер алуандығын демеу, сонымен қатар, білім беру мен мәдениеттер диалогын, тұрақты дамуды және ниеттестікті, демократия мен бейбітшілікті насихаттау. 2024 ж қазан айында Францияның Виллер-Коттре және Париж қалаларында Франкофония мемлекет басшылары және үкіметтерінің XIX конференциясы өтті. Келесі саммит 2026 ж Камбоджада өтеді. Қазақстандағы Франкофония көктемі 15 жылдан бері осындай ынтымақтастықтың негізгі шарасы болып келеді.
Арменияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Армен Гевондянның айтуынша франкофония – халықтарға мәдениетті тереңірек қабылдауға мүмкіндік беретін, сол арқылы мемлекетаралық ынтымақтастық палитрасын байытатын мәдениеттер, дәстүрлер, ерекше әдет-ғұрыптардың тығыз тоғысуы.
"Соңғы жылдары Армения мен Халықаралық франкофония ұйымы арасындағы ынтымақтастық жаңа серпін алды. Арменияда Франкофонияның оныншы спорттық және мәдени ойындарына дайындық жүріп жатыр, оны 2027 жылы 23 шілдеден 1 тамызға дейін Ереванда өткізу жоспарланған. Бұл Франкофония елдерімен достық қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, Арменияда француз тілінің таралуына елеулі үлес қосу үшін ұйымдастырылмақ", - деді Армения елшісі.
Француз тілі қолдану өрісі бойынша әлемдегі бесінші тіл
Француз тілін жаһанның бес құрлығында 321 миллион адам қолданады. Сонымен қатар, ол әлемде меңгерушілер саны бойынша екінші (51 миллион адам), ал интернеттегі қолданысы бойынша төртінші тіл. Француз тілі 29 мемлекетте және БҰҰ, Солтүстік атлантикалық келісім ұйымы (OTAN), Еуропа одағы сияқты халықаралық ұйымдарда ресми тіл мәртебесіне ие. Қазақстанда француз тілін 11000 мектеп оқушысы меңгеруде, ал бұл тілде сөйлей алатындар саны 25000 адамға дейін жетеді.