Ішкі істер министрлігінің өкілдері «Қару» жедел алдын алу шарасының аясында 328 атыс қаруын тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
17 мамырдан бастап республикалық ауқымда қолға алынған шараның мақсаты – қарумен жасалатын қылмыстардың алдын алу, заңсыз айналымнан қару мен оқ-дәрілерді анықтау және тәркілеу, азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау.
«Жедел алдын алу іс-шарасы кезінде полиция органдары заңсыз айналымнан 328-ден астам атыс қаруын тәркіледі. Оның ішінде 212 дана тегіс ұңғылы қару, 38 дана газды қару, 9 қолдан жасалған қару, 27 травматикалық қару, 18 электрлік қару алынды. Қаруды заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін ҚР ҚК 287-бабы бойынша 134 материал тіркелді», - деді Нұрділдә Ораз.
Министрдің кеңесшісі қаруды заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін 195 азамат Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 482-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын да айтты.
«Бұдан басқа, 994 заңды тұлға тексерілді. Оның ішінде қару-жарақ саудасына маманданған 72 дүкен, 9782 фермерлік және шаруа қожалық және 84490 азаматтық қару иелері тексерілді. Тексеру нәтижесінде 3196 тәртіп бұзу фактісі анықталды. Оның 2404-і қаруды сақтау және алып жүру ережелерін бұзса, 792-сі қаруды тіркеу және қайта тіркеу тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды», - деді министрлік өкілі.