Қазақстанда алғаш рет І Халықаралық медиа және туризм форумы өтті. Түркітілдес журналистер қорының бастамасымен өткен халықаралық шараның мақсаты медиа және туризм саласындағы жаңа үдерістерді ескере отырып, тәжірибе алмасу, ақпарат алмасу кеңістігін кеңейту, өзара тиімді ортақ жобаларды жүзеге асыру, Қазақстанның тарихи-мәдени орындарын шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау, журналистер арасындағы ынтымақтастық пен әріптестік байланысты нығайту, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында Қазақстандағы туризм, медиа, PR, синтетикалық медиа тақырыбында І халықаралық медиа және туризм форумы өтті. Шараға Қазақстан, Ұлыбритания, Швейцария, Австрия, Бельгия, Германия, Франция, Нидерланд, Молдова, Солтүстік Кипр, Түркия республикасы, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан сияқты шет мемлекеттерден 200-ден астам адам қатысты.
Форумның ашылуында сөз алған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев: «Екі күн өңірімізге деген назар ерекше болып тұр. Қонаев қаласында қос бірдей халықаралық деңгейдегі шара – медиа және туризмнің халықаралық форумы және әуе шарларының фестивалі өтіп жатыр. Әлемнің 15-ке жуық мемлекетінің және еліміздің көптеген өңірінің БАҚ-ның өкілдері қатысып отырған медиа форумның маңызы зор. Бұл ірі екі шара өңіріміз туралы ақпараттық кеңістікте оң пікір қалыптастырады деген сенімдеміз. Себебі Алматы облысы үшін туризмді дамыту – бұл маңызды экономикалық фактор», – деді.
Ал Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы әлемдік туризмнің пандемиядан кейін дамығанын атап өтті.
«Алматы облысы – қазақтың ежелгі әдет-ғұрпы, тарихы, салт-дәстүрінің ең басты даму мекені. Сол себепті форум биыл осы жерде ұйымдастырылып отыр. Тамызда Анталиядан журналистер келіп, өңір басшысының қолдауымен бұл жерде тағы да ауқымды шара өтеді. Онда туризмді дамыту, инвестиция тарту секілді мәселелер қарастырылатын болады. Шетелге шығу жақсы, бірақ, Қазақстанның да көрікті жерлері көп, соларды әлеуметтік желіде насихаттап, ішкі туризмді дамытуға шақырамын», – деді қор президенті.
Халықаралық медиа форумның ашылу салтанатына арнайы келген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі форум қатысушыларын құттықтады.
«Баршаңызды Жетісу жерінде Түркітілдес журналистер қоры ұйымдастырып отырған форумның ашылуымен құттықтаймын. Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматы облысы екіге бөлініп, жаңа облыс орталығы Қапшағай қаласына Қонаевтың есімін беру – тарихи әділеттілік болды. Облысқа алғаш рет келіп отырғандықтан, өңір басшылығын осы тарихи шешіммен құттықтаймын. Өздеріңізге белгілі, ел арасында "тарих Шумерден басталады" деген сөз бар, ал біздің тарихымыз Іле өзенінен басталады. Тіпті, көне түрік күнтізбелік мүшел жыл санауы Іле өзенімен байланысты. Қонаев құрылғалы бері ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Облыс әкімі айтып кеткендей, туризмді дамыту үшін БАҚ-ның ақпараттық насихаты маңызы ерекше. Бүгінгі медиа мен туризмді бір жерге тоғыстырған форум Алматы облысының туризмі дамуына септігін тигізеді», – деді министр.
Форумның ресми бөлімінің алдында қатысушылар үшін арнайы пресс тур ұйымдастырылды. Алматы облысының басты табиғи байлығы таулары мен өзен-сулары. Форумның алғашқы күнінде шетелден келген қонақтар мен аймақтан жиналған тілшілер Шарын мен Көлсайға барып, туризмді дамыту мәселесімен танысты. «Мен Алматы облысында бірнеше рет болдым. Көрікті Көлсайды, Шарынды көрдім. Бұл өлкеде табиғат берген сый көп. Соны туризм көщіне айналдыру керек. Ең бастысы әрине туризм саласын дамыту. Осындай форумдар өткізу соған ықпал етеді» деді форумның Ұлыбританиядан келген спикері Ватан Өз.
Аталған форум «Туризм мен жаңа коммуникацияларды дамытудағы БАҚ-тың маңызы», «Қазақстандағы туризм: даму келешегі мен мүмкіндіктер», «Медиа. PR және туризм индустриясы», «Синтетикалық медиа: контент қалыптастырудағы нейрожүйе» сынды тақырыптарды қамтыды.