02 мау, 2023 сағат 15:21

Елімізде 700 мың оқушы құмар ойын ойнайды – депутат

Фото: Артем Геодакян / ТАСС

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы елімізде казинолар мен букмекерлік кеңселердің жылдық қаржылық айналымын жариялады. Ол 2020 жылы құмар ойындардың айналымы 89 млрд теңге болғанын, 2022 жылы 500 млрд теңге, ал биыл жыл басынан бері 1 трлн теңгеден асақанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni порталы.

Оның айтуынша, ресми деректе құмар ойынға қызыққан бір адамды емдеуге кемінде 5 ай уақыт кетеді. Емнің өзіне айына 600 мың теңге жұмсалады.

"Бұл, әрине, адам құмар ойынды қайтадан ойнамайды деген сөз емес. Мамандардың айтуынша, 9 жыл лудоманиядан емделген адам орталықтан шыға сала қайтадан құмар ойынға салынып кеткен. Бұл – бір ғана мысал. Елімізде 700 мың оқушы құмар ойын ойнайды. Ал жалпы, казинолар мен букмекерлік кеңселерді, ойлайн казиноларды толық жауып тастап, жарнамасын тоқтату керек пе деген мәселе бар", – деді ол.

Сондай-ақ депутат лудоманиядан адамды емдеудің жолдарын іздеу керектігін айтты.

Дерекке сүйенсек, қазір елімізде құмарлықтың құрығына түсіп, шырғалаңға шатылған жандардың саны 350 мың адамнан асқан. Мұның өзі – 2022 жылғы дерек. Құмар ойынның жетегінде кеткен адамның саны бұдан да көп болуы мүмкін. Әлі тіркелмегендер де көп.

Құмар ойын мен ішімдікке салынғандарды емдейтін Komek­centеr орталығының директоры, психолог Нұрлыбек Тұрсынбековтің айтуынша, ауру адам таңдамайды. Жан-жақты, кешенді ем жүргізілмесе, одан құтылу мүмкін емес. Құмар ойынға салынған ер-азаматтардың көбі ойынды жеткіншек кезінде бастаған. Ал әйелдердің басым бөлігі 30 жастан кейін келген.

Құмар ойынға қызығушылар Алматы қаласында көп. Олардан Алматы облысы мен Астана қаласы қалыспай келеді. Пандемия кезінде құмар ойынға қызығушылар соңғы 2 жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда, 6 есе артқан. Сол кезде букмекерлік компаниялар бір жылдың ішінде 79 млрд теңгеге байыған.