Фото дереккөзі: kazbilim.kz
Бұдан бөлек балаларға арналған төл анимациялық туындыларымыз да халықаралық фестивальдерде топ жарып жатыр. Мысалы, «Шырақ» атты мультфильм бір жылдың ішінде әлем бойынша 80-нен астам кинофестивальді аралап, көрген жанның оң бағасын алды.Хикаяның басты ойы — отбасы бірлігін сақтау, өзара ынтымақ және сыйластыққа сызат түсірмеу. Басты кейіпкер Шырақ болғанымен, негізгі идеясын ашатын кейіпкерлер басқа. Бір қазақ отбасында әкесі, анасы, қызы және кішкентай сәбиі болады. Үлкендер әлеуметтік желіге жіптей байланып қалып, телефондары қолдарынан түспейтіні суреттелген. Яғни, отбасы бір-бірімен сөйлеспейді, түсінбейді, қазақи құндылықтар мен тәрбие ақсап тұрғанын көрсеткен. Бір кезде бүкіл қалада жарық сөніп қалады. Сол сәтте отағасы шырақты сіріңкемен жағып, отбасы бір-бірімен ойнап, сөйлесіп, отбасы құндылықтарының не екенін түсінгендей болады. Ал Шырақ сол сәтті тамашалап, жарық беріп отырады. Бұл туынды халықтың көңілінен шығып, керемет ықыласқа бөленді.
«Мен Ара ұжымымен 2020 жылы таныстым. Шырақ жобасының ұшқыны мені бірден жаулап алды. Продюсерлік сенімділік артқаны үшін алғыс білдіремін. Бұл үлкен еңбек. Қазақ анимациясына үлес. Бұл фильм біз үшін үлкен мектеп болды. Ол өнерімізді шыңдады. Ол бізді есейтті. Бізге тәуелсіз фильм жасау үшін сенім мен жігердің, татулық пен табандылықтың бәрінен де маңызды екенін үйретті», - деді режиссер Бексұлтан Қазыбек.
Бұл тізімге «Ер Төстік» пен «Алдар Көсе» сияқты ұлттық кейіпкерлер негізінде түсірілген отандық туындыларды да енгізуге болады. Ал «Сақ» студиясының анимациялары қазақ мультфильмдерінің дамуына үлкен үлес қосып, балаларға арналған ұлттық мазмұндағы туындылар шығарып келеді.
«Әншуақ» фестивалі балалардың таланттарын ашуға мүмкіндік беретін республикалық челлендж. Бұл жоба еліміздің тарихи-мәдени құндылықтарын насихаттайды. Бұл шараның «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын да айта кету керек. Жаңа оқу жылы басталғалы бері осы идеямен шабыттанған 5 мыңға жуық мектеп оқушысы челленджге қосылды.
«Әншуақ» балалар әндерінің челленджі алғаш рет 2024 жылдың 1 ақпаны мен 1 маусымы аралығында өтіп, жеті ай ішінде 12 мыңнан астам жарияланым және 12 миллионнан астам қаралым жинаған болатын. Қорытындысы еліміздің әр өңірінде «Open Air» форматында өткізіліп, онда ең танымал балалар әндері шырқалды.
Қорытындылай келе, соңғы жылдары елімізде балаларға арналған контентті көбейту мен оның сапасын арттыруға үлкен көңіл бөлініп, маңызды шаралар жүзеге асып келеді. Осы мақсатта цифрлық платформалар белсенді дамып үстінде. Ол платформалар арқылы балалар өз жұмыстарын жариялауға, байқауларға қатысуға, білім беру мен ойын-сауық бағдарламаларын көруге мүмкіндік алып отыр. Bilimland.kz және Daryn.online сияқты білім беру платформалары қазақ тіліндегі контент арқылы балаларға қашықтан оқу материалдарын меңгеруге мүмкіндік беріп қана қоймай, шығармашылық байқауларға қатысуға ынталандырады.