28 қаң, 2022 сағат 13:49

Елдің оңтүстігінде жарықтың өшуіне цифрлық майнингтің қатысы жоқ - «KEGOC»


Еліміздің оңтүстігінде электр энергиясының ажырауына цифрлық майнингтің қатысы жоқ. Бұл туралы «KEGOC» компаниясынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін «KEGOC» компаниясы 25 қаңтарда Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде электр жарығының өшу себебін анықтау бойынша комиссия қорытындысын жариялады.

«Апаттың цифрлық майнингті тұтынушылардың қызметімен байланысты емес екендігін айта кеткен жөн. Цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұтынушыларға электр энергиясын жеткізудің болмауына қатысты ҚР Біртұтас электр энергетикалық жүйесінде электр энергиясының тапшылығы кездесетін жағдай сақталып отырғандығын хабарлаймыз», - делінген компания ақпаратында.

Таратылған мәліметке қарағанда, тапшылықтың пайда болуының негізгі факторлары электр станцияларындағы жоғары авариялылық және өткен жылы 6 пайыздан асып кеткен электр энергиясын тұтынудың айтарлықтай өсуі болып отыр. 

«Бұл соңғы жылдардағы көрсеткіштерден 3 есе артық. Салыстыратын болсақ, 2020 жылы электр энергиясын тұтынудың өсімі – 2, 2019 жылы 1,9 пайызды құрады. Электр энергиясының тапшылығы жағдайында, халықты және ел экономикасын үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында «KEGOC» АҚ электр станцияларымен және энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес майнингтік дата-орталықтарға электр энергиясын жоспарлы жеткізуді төмендету бойынша шаралар қабылдады», - деп атап өтеді «KEGOC» компаниясы. 

Еске салайық, 25 қаңтарда (Нұр-Сұлтан уақытымен) Орталық Азия (Өзбекстан, Қырғызстан) энергия жүйесінде туындаған ақау салдарынан «Солтүстік-Шығыс-Қазақстанның оңтүстігі» 500 кВ электр энергиясы транзитіне арналған қуаттың төмендеуі орын алды.

Соның салдарынан Алматының бірнеше ауданында электр энергиясы өшіп қалды.Сондай-ақ Қызылорда облысында электр энергиясына байланысты іркіліс болды.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде жарық Жамбыл және Түркістан облыстарында да өшкені туралы жазылды.

Электр энергиясы Қазақстанмен қатар, Өзбекстанда және Қырғызстан елдерінде де өшті.