27 қыр, 2024 сағат 22:40

Елде тарихи мұра мен құндылықтарға қалай көңіл бөлініп жатыр?


Фото: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров қазақ мәдениетін Tik-Tok арқылы насихаттау жолдары қарастырылып жатқанын айтты. Осы мақсатта депутат  Tik-Tok әлеуметтік желісінің вице-президенті Такуа Ямагасимен кездесіп, платформада қазақ мәдениетін насихаттау жолдарын талқылады. Мысалы Қозы-Көрпеш Баян сұлу, Абай мен Шәкәрімнің мұрасын дүниежүзіне тарату жоспарлары талқыланып жатыр. 

«Жастар жиі отыратын әлеуметтік желілерде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу дұрыс қадам. Еліміз туралы қызықты мәліметтерді ғаламдық ақпарат кеңістігінде кеңінен тарату керек. Туризмді дамыту үшін Қазақстанда өтетін ауқымды халықаралық шараларды толығымен пайдалану керек», - деді Президент.

 
Осы бағыттағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Мысалы Тік Тok және Kazakh Tourism бірігіп #ГидпоКазахстану жобасын іске қосты. Жоба аясында еліміздің көрнекті мекендері, мәдени және тарихи орындар туралы бейнегидтер түсіріледі. Науқан еліміздің екі ірі қаласынан – Астана мен Шымкенттен бастау алды. 

Президент экранды да түзеуге тапсырма берді. Себебі кино қоғамның сана-сезіміне ерекше ықпал етеді. Өскелең ұрпақ шетелдің кейіпкеріне емес, өз батырларымызға қарап бой түзеуі маңызды. Одан бөлек қазақ тілі креативті индустрияның тіліне айналып жатыр. Мысалы «Аватар» сияқты әлемдік кинотуындылар қазақша сөйлей бастады. Одан бөлек Қазақстанның атын бүкіл әлемге танытып жүрген талантты жастарымыз қазақ тілін дүние жүзіне паш етуде. Димаш Құдайберген нағыз қазақтың брендіне айналған тұлға. 

Ол Euronews телеарнасына берген сұқбатында қазақ мәдениеті мен дәстүрлі музыкасын әлемдік сахнада танытуды өзіне міндет еткенін мойындады. 

«Қазір біздің мәдениетті әлемге паш ететін уақыт. Қазақстан - жас ел, небәрі 33 жаста. Ұлттық құндылықтарымызды әлемге көрсететін кез жетті. Қазақ екеніме мақтанамын. Менің міндетім – әлемді еліміздің мәдениетімен, әуендерімен таныстыру. АҚШ, Еуропа мен Азия елдерінде 20 мың, 30 мың адамның алдында өнер көрсеттім, бұл менің қолдаушыларымның арқасы, - деді әнші.


Мысалы әншінің қыркүйекте өткен Астанадағы концертіне әлемнің түпкір-түпкірінен 10 мыңнан аса тыңдаушылар келген. Жанкүйерлердің дені АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Италия, Франция, Испания, Польша, Беларусь, Ирландия, Финляндия, Өзбекстан, Германия және тағы басқа елдерден келген. 

«Қазақ тілі – азаматтық бірегейлігіміздің және рухани бірлігіміздің нышаны. Біз оны күнделікті қарым-қатынастың ғана емес, нағыз ғылым мен білімнің тілі етуге тиіспіз. Бұл міндет жөнінде бұрын да айтылды, осы мақсатты күшпен, айқай-шумен емес, ақылмен, парасатпен іске асыруымыз керек. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ міндеті», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 


Кез келген өркениетті ел өзінің тарихи мұраларына зор құрметпен қарайды. Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылды. Бұл – еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға. Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған. Ол – төл тарихымызда ерекше орны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі. 

Бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, ақыры шетелге шығарылған екен. Ол жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен Қазақстанға қайтарылды. Құранда Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі бар. Жәдігерге жан-жақты сараптама жасалды. Отандық және шетелдік ғалымдар Құранды мұқият зерттеді. Құранның, расында, Марал ишанға тиесілі болғаны және Кенесары ханға берілгені анықталды. Бүкіл елге ортақ қазына енді Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталады. 

«Кезінде Тайқазанның елге оралуын жұрт жақсы ырымға балаған еді. Көп ұзамай Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесарының қолында болған Құран кітабының елге келуі де жақсы ырым деп ойлаймын. Бұл оқиға Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы болсын деп тілейік», - деді Президент.