Коллаж: Ulysmedia.kz
Экс-мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты пара беруге итермеледі деген күдікке ілінді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Антикоррупциялық қызмет тергеп жатқан қылмыстық істерді жедел сүйемелдеу аясында сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметке араласуға бағытталған аса ауыр жемқорлық қылмыстар жасалынғаны анықталды.
Айталық, жасырын іс-шаралар кешенінің нәтижелері бойынша пара беруге оқталған ҚР Мәдениет және спорт экс-министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жұбайы әшкереленді. Cондай-ақ аталған адамдардың мүдделерін қорғауды жүзеге асырған адвокат алаяқтық пен пара беруге итермелеу күдігімен ұсталды" - делінген хабарламада.
Мұхамедиұлының қылмыстық жазасын жеңілдету және қамаудан босату сылтауымен адвокат қорғалушының жұбайынан сот органдарының лауазымды адамдарына беру үшін пара ретінде 460 000 АҚШ доллары сомасында ақшалай қаражат алған.
"Тергеу амалдары барысында 255 000 АҚШ доллары көлеміндегі қаражат анықталып, тәркіленді. Қалған соманы өз қалауы бойынша жұмсағаны анықталды.
Экс-министрдің өкілі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сондай-ақ Мұхамедиұлының жұбайы аса ірі көлемде пара беруге оқталуы бойынша күдікті болып танылды.
ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жариялауға жатпайды" - делінген хабарламада.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік Кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Айта кетейік, Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.