13 қаз, 2022 сағат 17:12

Экс-министр Біртанов сотта мәлімдеме жасады

Фото: Tengrinews.kz

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сотта тараптардың жарыссөзі барысында мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы.

Экс-министр екі іс бойынша айыпталып отыр. Біріншіден, Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевке Денсаулық сақтау министрлігі жұмыс істемейтін ақпараттандыру платформасын жұмысқа қабылдау және пайдалануға беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген айып тағылған. Ал, екіншісі - 2020 жылғы маусымда Тараздан COVID-19 жұқтырды деген күдікпен Астанаға қайтқан кезінде санавиация бортын пайдаланғанына қатысты.

"Сот тергеуі барысында платформаға қатысты әрі санитарлық авиацияға қатысты мені айыптайтын ешқандай дәлел келтірілген жоқ. Қылмыс туралы деректер ұсынылмады. Соның ішінде лауазымдық міндеттерімді теріс пайдалану туралы - қандай лауазымдық міндеттерді теріс пайдаландым, қандай формада пайдаландым деген нәрселер ұсынылмады. Айыпты жариялаған кезде түсіндірілуін сұрадым. Нормативтік-құқықтық базада бекітілгендердің ішінен денсаулық сақтау министрінің өкілеттігін айыптау кезінде осы тармақтардың ешқайсы нақты қай құқықты дұрыс пайдаланбағанымды көрсетпейді", - деді экс-министр.

Елжан Біртанов бұл іс бойынша барлық бұйрыққа өзінің лауазымдық міндеттеріне сәйкес қол қойғанын мәлімдеді.

"Айыптау актісінде бастапқыда мемлекеттік қызметшінің имиджін жасау мақсаты мәлімделген болса, жеке қызығушылығым қандай болғаны туралы негіздеме ұсынылмады. Менің ойымша, мемлекеттік айыптау іс материалдарында бұл расталмады. Яғни, платформа ісіндегі және санавиация ісіндегі менің мақсатым туралы ешқандай дәлел келтірілген жоқ. Іс жан-жақты емес, яғни қылмыстың егжейі-тегжейі жоқ. Бұйрықтарға қол қойғаным айыпталды, болды. Шын мәнінде, басқа оқиғаларға қатысым жоқ, басқа әрекеттер жасамадым", - деді ол.

Санавиацияға қатысты жағдайды түсіндірген Біртанов сол сәтте өзінің жағдайының нашарлағанын сезгенін мәлімдеді. Бұрынғы министр Астанаға үкіметтік бортпен ұшуы керек еді, бірақ ол кезде премьер-министрмен, Үкіметтің қалған мүшелерімен байланысуға мәжбүр болар еді. Өзінің айтуынша, әріптестеріне ауру жұқтырудан қорыққан, сондықтан оқшауланып, санавиация бортын шақыртқан.

"Үкіметтік ұшақ әлдеқайда ыңғайлы. Үкіметтік делегация құрамында өз бетінше ұшып кету әдеті жоқ. Тіпті мүмкін емес. Премьер-министрдің қарамағында бортта кім ұшатыны және кім оралатыны нақты жазылған. Бұлай ұшу қылмыс емес. Ол үшінші тұлғаларды қорғау мақсатында мемлекет мүддесі үшін жүзеге асырылды", - деді ол.

Сотта Біртанов келтірілген залалмен келіспейтінін мәлімдеді.

"Менің ойымша, платформа ісі бойынша ешқандай залал келтірілген жоқ. Платформа бағаланған құнына сәйкес, лицензия мен жұмыс Денсаулық сақтау министрлігінің балансына материалдық емес актив ретінде қабылданды. Жұмыстар өз деңгейінде орындалды", - деді экс-министр.

Айта кетейік, 2020 жылғы 25 маусымда Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылды. ДСМ-ның бұрынғы басшысы 2020 жылғы қарашадан бері үйқамақта отыр.