08 ақп, 2021 сағат 19:55

Екпенің әсері алғашқы үш күнде байқалуы мүмкін – эпидемиолог

Коронавирусқа қарсы екпенің әсері алғашқы үш күнде байқалуы мүмкін. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Алмагүл Мантакова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, екпе алғаннан кейін кейбір адамның өзін әлсіз сезініп, қызуы көтерілуі ықтимал. 

Сондай-ақ еккен жер ауырып, ісінуі мүмкін. Дегенмен мұның бәрі – қалыпты жағдай. 

А.Мантакованың сөзіне қарағанда, облыста коронавирусқа қарсы күні бүгінге дейін 500-дей адам егіліп үлгерді. 

Ақпан айы бойы медицина қызметкерлерін егу жалғасады. Ал наурызда облысқа 8 мың доза вакцина жеткізіледі деп жоспарлануда. Ол кезде халықтың басқа топтарын да егу басталады. 

Орал қалалық №3 емхананың невролог дәрігері Дариға Үмбетиярова да екпеден қорқудың қажеті жоқтығын, адамның өзінің денсаулығы үшін салынып жатқандығын жеткізді.

«Мен де екпе алдым, ешқандай реакция болған жоқ. Әрине, бастапқы үш күнде сақтану керек. Яғни суға түсуге, адам көп баратын жерлерге баруға болмайды. Жалпы, кім-кім де карантин талабын сақтап, оған қоса індетке қарсы егілсе, біз одан тез құтыламыз деп ойлаймын», деді дәрігер.