11 нау, 2020 сағат 14:45

Екпеден бас тартқандарды ата-ана құқығынан айыру туралы заң талқыланып жатқан жоқ - Сенат

9 наурыз күні Youtube әлеуметтік желісінде «Қорғау HR» Адам құқықтарын қорғау» қорының өкілі Гүлмира Исембиеваның бейнеүндеуі жарияланды. Осыған байланысты Парламент Сенаты жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Гүлмира Исембиеваның үндеуінде былай делінген:

«ҚР Парламенті Сенатында өтетін әрбір дөңгелек үстел барысында ата-ана ретінде сөз сөйлеймін деушілерге сөз сөйлеу мүмкіндігі берілмейді, микрофондар өшіріледі. Бізге сөз сөйлеуге рұқсат берілмейді. Менің айтқым келгені, қазіргі уақытта медицинаның араласуынан, кез келген медициналық араласудан бас тартқан ата-аналарды, біздерді ата-ана құқығынан айыратын 152-ші бап Парламентте қаралып жатыр, олардың пікірінше, бұл шара балалардың денсаулығын сақтайды. Яғни, біз екпе салдырғымыз келмесе, онда бізді ата-ана құқығынан айыра алады. Біз баламызды психотроптық дәрі-дәрмекпен емдегіміз келмеген жағдайда (ал қазіргі уақытта мектептерде писоходиагностика енгізіле бастады) бізді тағы да ата-ана құқығынан айыруы және баламызды балалар үйіне жіберуі мүмкін. Мен бұл түзетумен келіспеймін және менің ойымша көп ата-аналар да бұл түзетумен келісе қоймас».

Сенаттың баспасөз қызметі бұл деректер шындыққа жанаспайтынын ресми түрде хабарлайды. Қазіргі уақытта Сенатта бейнеүндеуде айтылған мәселелер талқыланып жатқан жоқ. Тіпті, бұл мәселелер қарастырылған заң жобасы да қаралып жатқан жоқ.

Сенатқа келіп түскен барлық заң жобаларын талқылауға жұртшылық кеңінен қатысады. Әркім сөз алып, өз пікірін білдіре алады.

Жұртшылықпен тығыз қарым-қатынасты қамтамасыз ету мақсатында Парламенттің ресми сайты (senate.parlam.кz) жұмыс істеп келеді. Онда «Кері байланыс», «Ұсыныстарды жинау», «Заң жобасын ұсыну», «Қаралып отырған заң жобалары» сияқты айдарлар бар.