14 қаз, 2022 сағат 13:45

ЕКПА Ресейдегі режимді «террористік» деп таныды


Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы (ЕКПА) Ресейдің Украинадағы агрессиясының күшеюін айыптайтын қарар қабылдады. Сондай-ақ, Еуропа елдерін Ресей Федерациясындағы билеуші ​​режимді «террорист» деп тануға шақырды, деп жазады Ulysmedia.kz порталы Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.

Құжат жобасы мен ұсынылатын түзетулер ұйымның сайтында жарияланған. Қарарды 100 қатысушының 99-ы қолдады.

ЕКПА «Ресейдің Украинаға басып кіруі - Еуропаға Екінші дүниежүзілік соғыстан бері көрмеген қайғы-қасірет пен қирау әкелді» деп атап өтті.

«Агрессия жалғасып, зорлық-зомбылық пен қиратудың жаңа деңгейіне жеткенде, Ресей режимі адамның ең қарапайым құқықтары мен халықаралық құқық негіздерін бұзып, өзінің нағыз лаңкестік сипатын растап отыр», - делінген қарарда.

Оның соңғы мәтіні әлі жарияланған жоқ, бірақ 11.6-тармаққа Ресейді «террористік режим» деп жариялау туралы түзету көпшілік дауыспен қабылданғаны қазірдің өзінде белгілі.

Бұған қоса, олар «бұрын Украинаның және басқа елдердің егемендігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін заңсыз шешімдерге дауыс берген ресейлік саяси партияларды терроризмді насихаттайтын топтар мен ұйымдар ретінде тануды» талап ететін түзетуді қабылдады.