Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту мәселелеріне бөлек көңіл бөлінеді. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Экотуризмді, атап айтқанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Ұлттық парктерді дамыту тұжырымдамасы әзірленіп, нақтыланды. Бұл бас жоспарларды түзету кезінде негізге алынды. Мәдениет және спорт министрлігі мен Экология министрлігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде Экология министрлігі Алматы облысының ұлттық парктеріне 4 стратегиялық инвестор тартты», - деді Абаев.
Осы орайда олар жалпы сомасы 24 млрд теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асырып келеді.
«Бұл ретте биологиялық алуантүрлілікті сақтау және табиғат объектілеріне экологиялық зиян келтіруге жол бермеу міндетті шарт болып саналады», - деді министр.
«Мемлекет басшысы туризмнің әлеуметтік, тіпті идеологиялық сипаттағы мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін бизнес екенін үнемі айтып келеді. Туризм саласына салынған инвестиция жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын бизнестің нығаюына, жергілікті жерде инфрақұрылымның дамуына, азаматтардың демалысының сапалы ұйымдастырылуына мүмкіндік береді. Сонымен бірге, туризм өскелең ұрпақтың өз тарихын құрметтеуіне жол ашып, еліміздің оң имиджін қалыптастыруға ықпал етеді», - деді ведомство басшысы.