28 ақп, 2022 сағат 14:14

Экономист теңге бағамы туралы: Басы артық байбалам банктерге кері әсер етеді


Экономист Ғалымжан Айтқазин теңге бағамының құбылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынас біржақnы өрбіп жатыр. Тек нашарлап барады. Прогреске ұқсайтын бір де бір фактор байқалып тұрған жоқ. Салдарынан рубль кеше тағы құлдырады. Айырбастау бекеттерінен бөлек банктердің қосымшаларында да долларға деген сұраныс өсті. Оның теңгеге әсер еткенін көріп отырмыз.

Кейбір желі қолданушылар рубльдің конвертациясына қатысты ұсыныстар айтып жатыр. Жалпы біз Ресеймен арадағы қарым-қатынасты қалаған уақытта үзе сала алмаймыз. Өйткені сауда байланысымыз өте тығыз. Ондай шешімдер екі жаққа да тиімсіз болады. Соны түсіну керек. Арадағы сауда қатынасының ауқымы өте үлкен, сондықтан бұл оңай шаруа емес. Экономикаға бірден әсер етеді», - деді сарапшы.

Маманның пайымынша, қазіргі таңда байбаламға салынбай, теңге бағамының тұрақтануын күту ең дұрыс қадам болмақ.

«Ұлттық банк те ең тиімді бағамды орнатуға тырысады. Нарықтағы ахуал қиын болып тұр. Ерекше ахуал деуге де болады. Айырбастау бекеттері де қызметін уақытша тоқтатып жатыр. Олар да теңге бағамы қандай болатынын білмей отыр. Өйткені KASE-де әлі мәлімет жоқ. Соны пайдаланып алыпсатарлыққа барса, заң бойынша жазаға тартылады. 

Қазір валюта нарғындағы көлеңкелі спекуляция туралы алыпқашпа әңгіме көп. Оны түсіну үшін халықаралық валюта нарығын қарау керек. Мысалы, Forex-те әлем бойынша сауда жасалады. Онда 1-2 адам кіріп, спекуляция жасайды деу кішкене қисынсыз дүние. Сондықтан қазір теңгеге түсіп жатқан қысымның негізгі бөлігі сыртық нарықтағы жағдаймен тікелей байланысты. KASE-де алыпсатарлық әрекеттер бар шығар. Бірақ қазір нарық факторы өз дегенін істеп жатқанын көріп отырмыз.

Мұндай кезде шетелдік валюта сатып алу керек пе, әлде мүлік сатып алу керек пе, оны әркім өзі шешеді. Ең бастысы байбаламға салынбау керек. Іштегі байбалам банктерге қысым тудырады», - деді Ғалымжан Айтқазин.