04 қар, 2022 сағат 20:15

Экология министрлігі "АрселорМиттал Теміртауды" сотқа берді

© Sputnik

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы тексеруге келген экологтарды кәсіпорынға кіргізбеген. Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тексеруге кедергі келтіргені үшін сотқа шағым түсірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Мамандарды кәсіпорынға тексеруге жібермеді, біз кедергі келтіргені үшін сотқа жүгіндік", - деді экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов.

Оның айтуынша, министрлік компанияға бірнеше миллиард доллар айыппұл салуды көздеп отыр.

"Қазір санап жатырмыз. Менің ойымша, бірнеше миллиард айыппұл салынады. Мәселе айыппұлда емес. Шын мәнінде, біз оларды ауаға зиянды заттардың шығуын азайтуға мәжбүрлейміз", - деді ол.

Комитет төрағасы министрліктің нақты шығарындыларды азайту бағытында жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, "Жасыл Қазақстан" ұлттық бағдарламасында "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы шығаратын зиянды қалдықтарды 250-ден 140 мың тоннаға дейін төмендету көзделген.