06 жел, 2022 сағат 13:37

Министр олигархтың Екібастұз ЖЭО-ны 1 теңгеге сату туралы ұсынысына пікір білдірді


Премьер-Министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Екібастұз жылу-электр орталығын мемлекет меншігіне беру мәселесін қарастыру қандай кезеңде тұрғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл мәселе әлі талдау сатысында тұр. Мұнда шешім қабылдамай тұрып, оның жағдайын тексеру керек. Егер бұл мемлекетке үлкен ауыртпалық салса және іс жүзінде біз объектіні алып, иесіне сыйлық жасағандай боламыз. Сосын оған барлық қаражатты саламыз. Сондықтан, ең алдымен, жағдайды бірлесіп түзету мәселесін қарастыру қажет», - деді Серік Жұманғарин Үкіметте журналистерге берген сұхбатында.

Сонымен бірге Серік Жұманғарин Александр Клебановтың Екібастұз ЖЭО-сын мемлекетке бір теңгеге сатуға дайындығы туралы пікір білдірді.

«Үкімет бұл орталықты бір теңгеге сатып алып, 1 млрд теңге шығынға ұшырауы мүмкін. Сол үшін ЖЭО жай-күйін толық қарастырып, қанша қаражат кететінін талдау керек», - деді министр.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров олигарх Александр Клебанов өзі бақылайтын Екібастұз жылу электр орталығын мемлекетке апатты күйінде 1 теңгеге сатқысы келетінін мәлімдеді.

Депутаттың айтуынша, Екібастұз қаласының әкімшілінде өткен жиналыста бай бизнесмен осындай ұсыныс тастаған. 27 қарашаға қараған түні Екібастұз ЖЭО-да қазандықтар істен шығып, тұрғындар қақаған аязда жылусыз қалды. Ертесіне қалада төтенше жағдай жарияланды.

Бүгінгі күні Екібастұздың 6, 5а және 5б шағынаудандарында жылу беруді қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Апатты жою жөніндегі штаб басшысы – ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың хабарлауынша, 6 желтоқсан сағат 08.00-дегі жағдай бойынша кіреберістерді жылуға қосу жұмыстары 4 үйде жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарды бүгін аяқтау жоспарланған. Зардап шеккен нысандарға бекітілген кәсіпорындар тәулік бойы инженерлік коммуникацияларды қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жатыр.