07 жел, 2021 сағат 12:57

Екі жылда бизнестегі тексерулер саны 4 есе қысқарды - Президент


Шағын бизнесті тексеруге қойылған мораторий нәтиежсінде екі жыл ішінде тексерулер саны төрт есе қысқарған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» сыйлығы жеңімпаздарын құттықтау кезінде осындай дерек келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Президент өз сөзінде 2025 жылға қарай өнеркәсіп экспортын бір жарым есе ұлғайту үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтіп, солардың негізгілеріне тоқталды.

«Бірінші. «Өнеркәсіп саясаты туралы» заңның қабылдануы - бизнесті мемлекет тарапынан қолдау шеңберіндегі елеулі оқиға болмақ. Бұл заң маңызды міндеттердің бірі саналатын индустрияландыруды, отандық өңдеуші кәсіпорындарды қолжетімді шикізатпен қамтамасыз етуді жүйелі түрде шешуге мүмкіндік береді. Заң жобасы, сондай-ақ, жоғарғы және орта қайта бөліністегі тауарлар өндірісін ынталандыруға бағытталған», - деген Мемлекет басшысы шағын кәсіпкерлерді тексеруге жарияланған мораторийдің нәтижесіне тоқталды.

«Қазақстанда екінші жыл қатарынан шағын бизнесті тексеруге мораторий қолданылып келеді. Нәтижесінде тексерулер саны төрт есе қысқарды. Өзекті емес және артық реттеушілік талаптарды қысқарта отырып, бизнесті ақылды реттеуді енгізуге мүмкіндік беретін заңнамалық база әзірленді. Тиісті заң жыл соңына дейін қабылданады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.