Энергетика министрі Болат Ақшолақов Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірыңғай жанар-жағармай нарығын құру бастамасы Қазақстан нарығына қалай әсер етуі мүмкін екенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еуразиялық экономикалық одақ аясында мұнай өнімдерінің бағасын 2025 жылға қарай теңестіру мақсатында ішкі нарықтағы баға қымбаттайтыны айтылған болатын. Бұл апаратты растайсыз ба? Мұндай келісім нақты қжатта бекітіліп қойды ма?», - деп сұрадық БАҚ өкілі орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
«Иә, ЕАЭО аясында жанар-жағармайдың біртұтас нарығына жетуіміз керек негізі. Әрине, бұл жан-жақтан пысықтап қарайтын мәселе. Себебі салық жағынан қарасақ, Ресей Федерациясына қарағанда едәуір айырмашылығымыз бар. Акциз жағынан, жалпы салық жағынан да солай. Әрине, қазір нақты қандай баға болатынын айтуға келмейді. Мысалы, одақтас екі елдің арасында сауданы салықсыз жүргізу деген мәселе бар. Ондай болса, бағаның деңгейін бір-бірімен салыстыруға болады. Ал егер әр ел өз салығын қосатын болса, әрине бағада біраз айырмашылық болады. Сондықтан бұл мәселе әлі шешілмеген», -деді министр.
Оның айтуынша, нақты шешім шғару үшін әлі 4 жыл бар.
«Алдағы 4 жылдың ішінде бүкіл ережелердің жобасын қарастырамыз. Әзірге бұлар жоба ғана. Қазір барлық деңгейде келіссөздер жүргізіп жатырмыз.
Әрине, нақты бір жобаға тоқтаған кезде, оны Үкіметке мақұлдатып, бәрін анықтап (...) баяндап, сол кезде шешеді. Дәл қазір біздегі баға Ресейдегімен салыстырғанда төмен. Ертең біздің тұтынушыларға әсер етпеу үшін, әрине, ол келіссөздерді өте мұқият жүргіземіз», - деді болат Ақшолақов.