АҚШ президенті Джо Байден Ресей президенті Владимир Путинмен Украина төңірегіндегі жағдайға байланысты саммит өткізуге келісті. Бұл жөнінде жексенбіде Елисей сарайының өкілдері хабарлады, деп жазады Азаттық.
Эмманюель Макронның Владимир Путин және Джо Байденмен телефон әңгімесінен кейін Франция президенті кеңсесі жариялаған ресми мәлімдемеде АҚШ пен Ресей президенттерінің кездесуге дайын екені айтылған. Алайда кездесу "Ресейге Украинаға басып кірмесе ғана өтеді" деп көрсетілген.
АҚ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки алдын ала келісім жасалып жатқанын растап, "Біз дипломатияға да, Ресей соғысты таңдаса оған да дайынбыз. Ресей Украинаға шабуыл жасауға әлі де дайындалып жатыр" деді. Мәскеу әзірге түсініктеме берген жоқ.
"Кездесу болатыны нақтыланса, күн тәртібін АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров алдағы бейсенбіде өтетін кездесуде белгілейді" дейді Франция президентінің кеңсесі.
NBC телекомпаниясы Джо Байден әкімшілігіндегі дереккөздеріне сүйене отырып, Ресейдің әскери қолбасшылығы Украинаға шабуылға дайындалу жөнінде бұйрық бергенін хабарлаған болатын. Осы ақпараттан кейін Джо Байден "Владимир Путин Украинаға соғыс ашуға шешім қабылдады" деген еді.