10 нау, 2022 сағат 13:31

Дүйсенғазы Мусин Катонқарағай ұлттық паркінің мәселесін шешуге шақырды


Сенатор Дүйсенғазы Мусин Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қатысты өзекті мәселелерді жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутаттың айтуынша, Катонқарағай ұлттық паркінің материалдық-техникалық базасы әлсіз және кадрға зәрулік бар. Нормативке сәйкес парк аумағында 732 адам жұмыс істеуі тиіс, алайда іс жүзінде 354 адам еңбек етеді. Сонда әр орманшыға екі есе ауыртпалық түседі. Ұлттық парк автокөлікпен 70%, тракторлармен – 35%, басқа арнайы техникамен 4-тен 20%-ға дейін, ал инспекторларды көлікпен қамту 36% қамтамасыз етілген. Мұндай жағдайда ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды сапалы қорғау мен күзету мүмкіндігі аз. 

Cенатордың сөзіне қарағанда, вахталық әдіспен жұмыс істейтін орманшыларға басқа вахташылар сияқты далалық жабдықтау ақшасы төленбейді. Өйткені, орман шаруашылығының қызметкерлері мұндай төлемге құқығы бар қызметкерлер санатының тізбесіне кірмейді. 

«Ұлттық парктің шектеулі шаруашылық қызмет аймағында жанама орман пайдалану, бал ара шаруашылығы, санитарлық мақсатта ағаш кесу және басқа да қызмет түрлеріне рұқсат берілген. Алайда, ағаш кесушілерді есепке алу мен жинауға рұқсат алудың қолданыстағы жүйесі бір жылға дейін созылатын көп сатылы келісу рәсімдерін талап етеді. Сондықтан да, уәкілетті органның рұқсат беру функцияларын жергілікті деңгейге беру заңнамалық тұрғыдан реттеліп, шешілуі қажет деп есептеймін. Сонымен қатар, жергілікті халықтың сұранысына орай, заңнамадағы жанама пайдалану тізбесіне қарағай жаңғақтарын жинау да енгізілуі тиіс», - деп атап өтті Дүйсенғазы Мусин. 

Депутат сонымен қатар ұлттық парк қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру, экотуризмді дамыту үшін инфрақұрылымды жаңғырту, заманауи зертханалармен қамтамасыз ету және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жеткілікті қаржыландыру қажеттігін атап өтті.