14 қаң, 2021 сағат 10:00

Дубайдан ұшып келген 2 қазақстандықтан коронавирус анықталды

13 қаңтар күні Қазақстан аумағына Германия, Нидерланды, Корей, Мальдив, БАӘ, Мысыр, Түркия, РФ, Беларусь және Өзбекстан елдерінен 16 халықаралық әуе рейсі ұшып келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінен мәлім еткендей, Қазақстанға барлығы 1 379 жолаушы ұшып келген. Оның 1 190-ында коронавирусқа ПТР-тестілеудің теріс нәтижесі бар анықтама болған, 189 адам анықтамасыз келген, олардың барлығы ҚР азаматтары.

Атап айтқанда,

- Алматы қаласының әуежайына – 6 рейс қонған, барлығы 610 жолаушы, оның ішінде анықтамамен - 570, анықтамасыз - 40;

- Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына – 5 рейс, 540 жолаушы, анықтамамен – 391, анықтамасыз - 149;

- Атырау қаласының әуежайына – 1 рейс, 132 жолаушы анықтамамен келді;

- Орал қаласының әуежайына – 1 рейс, 97 жолаушы анықтамамен келді.

«Анықтамасыз келген Қазақстан азаматтары келген жерлері бойынша COVID-19-ға ПТР-талдау әдісімен тестіленді және карантиндік стационарларда өз нәтижелерін күтуде», - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ мәлім етілгендей, 12 қаңтар күні Қазақстанға ПТР анықтамасыз ұшып келген Қазақстанның 94 азаматының тест нәижелері дайын болды. Оған сәйкес, «Дубай – Алматы» рейсінің 2 жолаушысынан коронавирус инфекциясы анықталды.