ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев теңге бағамына әсер еткен факторларды атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, 2019 жылдың мамыр айында айлық инфляция 0,6% құрады. Ал жылдық инфляция 5,3% дейін көтерілген.
«Соңғы уақытта ішкі валюта нарығындағы жағдайға мұнайдың әлемдік бағасы көп ықпал етті. 27 мамыр мен 5 маусым аралығында мұнай бағасы 60,6 долларға дейін шамамен 13% төмендеді. Алайда соңғы екі күнде мұнай бағасы өзгерді, бүгін 62,3 доллар болды. Бұған АҚШ пен Мексиканың заңсыз көші-қонды бақылауды күшейту туралы келісімге келуі әсер етті. Сонымен бірге, 2019 жылдың екінші жарытсында мұнай экспорттаушы елдер ұйымы өз келісімін ұзартуы мүмкін. Салдарынан 27 мамыр мен 5 маусым аралығында теңге бағамы 1,3% әлсіреді», - деп атап өтті Ерболат Досаев Үкімет отырысында.
Банк басшысы жағдайдың тұрақталғанын, 5-10 маусым күндері ұлттық валютаның 0,3% нығайғанын жеткізді.
Сонымен бірге, Е. Досаев Ұлттық банктің базалық ставканы 9% деңгейінде сақтап қалатынын мәлімдеді.