08 ақп, 2022 сағат 15:01

Дөңгелек қана салады: Президент елімізде құрастырылатын көлік саласын тексеруді тапсырды


Өнеркәсіп саласына жауапты министр индустрияландырудың барлық мәселесімен мұқият айналысуы тиіс. Бұл туралы Үкіметтің кеңетілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өнеркәсіп саясатында негізінен автокөлік жасау саласына басымдық берілген. Бірақ отандық өнім үлесі әлі де төмен. Ашылып жатқан жұмыс орындары да аз. Өнеркәсіп саласына жауапты министр индустрияландырудың барлық мәселесімен мұқият айналысуы тиіс. Әсіресе даму мүмкіндігі жоғары салаларға баса мән беруді тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы. 

ҚР Президенті әлеуметтік желіде қазақстандық автомобильдердің басым бөлігі елімізге дайын күйде жеткізілетіндігі туралы ақпараттың жиі талқыланатындығына назар аудартты. 

«Тек дөңгелегін салу ғана қалады деп жатады. Бұл ретте әсірелеу үлесі басым байқалады. Мұндай әсірелеудің мақсаты да түсінікті. Қалай дегенде де мұндай пайымның қаншалықты шындыққа сай келетіндігін анықтау қажет. Содан кейін шара қабылдау керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.