Фото: РИА Новости
Жанармайдың қазіргі бағасы мұнай-газ саласына инвестиция тартуға мүмкіндік бермей отыр. Бұл туралы ҚР Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Жанармай тапшылығын болдырмау мақсатында түрлі шаралар қабылданды. Осы орайда жанармайды теміржол және автокөлікпен шығаруға тыйым салынды. Ресурс иелеріне жанармайды тікелей жанармай құю станцияларына сатуға міндеттейтін заңнамалық нормалар қабылданды. Мұнайды жеткізу және мұнай өнімдерін сату кезіндегі делдалдарға тосқауыл қойылды. Бұдан басқа, былтыр тамыз айында тапшылықты азайту үшін сараланған бағаны және лимит енгіздік. Бірақ барлық шектеуге қарамастан, «көлеңкелі экспорт» арқылы отынды шығару мүмкіндіктері табылды. Осыған байланысты тапшылықты болдырмау үшін шұғыл түрде қымбат импорттық отынды сатып алуға мәжбүр болып отырдық», - деді Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, елімізде қазіргі төмен бағалар сақталса, Қазақстанда қанша жанармай өндірілсе де, барлық сұранысты қамтамасыз ету мүмкін болмайды.
«Екіншіден, бағалар арасындағы айтарлықтай айырмашылыққа байланысты көрші елдерге «ағын» жалғаса береді, оның көлемі арта түседі. Ешқандай шектеулер нәтиже бермейтіні анық. Үшіншіден, жанармай бағасындағы диспропорция «көлеңкелі» нарықты нығайтып, ұлттық экономикаға, мүддеге кері әсерін тигізеді. Төртіншіден, жанармай бойынша төмен бағаны сақтау мұнай-газ саласына инвестиция тартуға, оны дамытуға, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, ресурстық базаны толықтыруға мүмкіндік бермей отыр», - деді министрдің міндетін атқарушы.
Ақшолақовтың сөзіне қарағанда, ішкі нарықтағы жанармай жағдайын тұрақтандыру үшін Қазақстанның көрші елдермен салыстырғандағы баға бойынша айырмашылықты азайту қажет.