Фото: Dimahnews.kz
Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова атындағы алғашқы креатив мектептің ашылуына қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Dimashnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Білім ордасы 1 қыркүйекте Астанада есігін айқара ашты. Мектептің ашылу салтанатына Бибігүл Төлегенова, мектептің бас құрылтайшысы және Forbes Kazakhstan баспагері Арманжан Байтасов, сондай-ақ Димаш Құдайберген қатысты.
Бұл мектеп технология мен шығармашылықты меңгеруге құмар балаларға арналған инновациялық білім беру орталығы ретінде құрылды. Мұнда оқушылар негізгі пәндермен қатар, креатив факультеттерде өздерінің шығармашылық қабілеттерін шыңдай алады. Музыкалық жанрларды, музыка теориясын және орындаушылық өнерді зерттеу Music факультетінде жүргізіледі. Digital факультеті бағдарламалау, веб-әзірлеу, жасанды интеллект пен киберқауіпсіздік сияқты заманауи технологияларды үйретеді. Сонымен қатар, Art факультеті бейнелеу өнері, графикалық және архитектуралық дизайн арқылы шығармашылық ойлауды дамытуға арналған. STEM факультеті физика, химия, биология, инженерия және робототехника сияқты ғылымдарды қамтиды.
Мектептің ашылуында Димаш Құдайберген мен Арманжан Байтасов болашақ оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, олардың ел дамуына зор үлес қосатынына сенім білдірді.