27 қаз, 2022 сағат 13:10

Дикий Арман мен Қайрат Құдайберген рақымшылыққа ілінбейді

Коллаж: ulysmedia.kz

Бүгін Парламент Сенаты қаңтар оқиғасына қатысқандарға бір реттік рақымшылық жариялау туралы заң қабылдады. Қабылданған құжатқа сәйкес, қатысушылардың бір бөлігі босатылса, басқаларының жаза мерзімі қысқартылады. 

Осыған орай Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев "Дикий Арман" лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев пен Алматы қаласы мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайберген рақымшылыққа іліге ме деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Шындалиевтің айтуынша, қазіргі кезде 20 адамға қатысты тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ондай істер рақымшылыққа ілікпейді.

"Ұйымдастырушылар рақымшылыққа ілінбейді. Қаңтар оқиғасына қатысушыларға ғана амнистия жасалады. Ал Қайрат Құдайберген мен Арман Жұмагелдиев тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар қатарына кіреді", - деді Шындалиев журналистерге берген сұхбатында.

Оның сөзінше, қаңтар оқиғасы кезінде қылмыс жасағандардың көбіне қатысушы деген айып тағылған, бұл - шамамен 700 адам. 

Айта кетері, бүгін Сенат рақымшылық туралы заң қабылдады. Оған сәйкес, теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандар жазадан толық босатылады. Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады. Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімін қысқарту көзделген. Атап айтқанда, ауыр қылмыстар үшін сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар үшін жазаның жартысы қысқарады.

Егер сотталған тұлғаның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толық босатылады. Жалпы рақымшылық 1500-дей адамды қамтиды. Ал террористер, экстремистер, рецидивистер, адамды азаптағандар, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен мемлекетке опасыздық жасағандар рақымшылыққа ілінбейді.

Еске салайық, экс-депутат Қайрат Құдайберген қаңтар оқиғасы бойынша 22 сәуірде ұсталған болатын. Ол бір айға қамауға алынды, содан кейін қамау мерзімі 21 маусымға дейін, одан кейін тағы үш айға ұзартылды.

Прокурорлардың айтуынша, Құдайберген жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды және оған қатысты деген күдікке ілінген. Алдын ала тергеу барысында Қайрат Құдайберген Арман Жұмагелдиевпен (Дикий Арман - еск.) "Қазақстан" қонақүйінде адамдарды жинауды ұйымдастырып, Жұмагелдиевтің айналасына бірігуге, оны қолдауға және билікке бірыңғай талап қоюға шақырғаны, сондай-ақ адамдарды 10 адамнан бөліп, оларды топтастырудың айрықша белгісі ретінде қолына ақ түсті таңғыштарды байлауды тапсырғаны анықталды.