Бүгін Алматыда Арман Жұмагелдиевтің (Дикий Арман) ісіне қатысты тыңдау жалғасып жатыр.
Бірқатар жәбірленушіден, кейбір айыпталушылардан және олардың адвокаттарынан, сондай-ақ куәгерлерден жабық режимде сот отырыстарын өткізу туралы өтініштер келіп түскен. Олар сотталушылар тарапынан өз өмірлері мен отбасыларының қауіпсіздігіне нақты қауіп төнетінін мәлімдеген.
Сотталушылар арасында ҚР ҚК-нің 362 (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану), 262 (ұйымдасқан топты, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу), 272 (жаппай тәртіпсіздік), 191 (тонау), 126 ( бас бостандығынан заңсыз айыру), 268 (бандитизм) баптары бойынша айыпталып отырған 45 адам бар.
Бұған дейін ІІМ-де Арман Жұмагелдиевтің 2021 жылы желтоқсан айында шетелден келгені және қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда болғандығы туралы хабарланған болатын.
Ол бес адамнан тұратын қылмыстық топпен 2022 жылы 7 қаңтарда арнайы операция кезінде ұсталды. Содан кейін күдіктілерден әртүрлі маркалы қару-жарақ, сондай-ақ оларға оқ-дәрілер, суық қару-жарақ және брондалған көлік тәркіленді.
Бас прокуратура Жұмагелдиевтің қарулы адамдары кездейсоқ өтіп бара жатқан 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстағанын мәлімдеді.