01 ақп, 2022 сағат 19:22

Депутаттар, Үкімет мүшелері және әкімдердің еңбекақысын көтеруге мораторий енгізілді


1 ақпанда Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» Қаулыға өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Құжат жекешелендіруге жататын мемлекеттік активтерді іріктеу критерийлерін бекітуді көздейді.

Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның жекешелендіру туралы шешімдері мемлекеттік мүлік тізілімінің және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің веб-порталдарында жариялауға жатады. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында «Парламент депутаттарына, Үкімет мүшелеріне және барлық деңгейдегі әкімдерге еңбекақыны көтеруге мораторий енгізу туралы» Қаулы қабылданды» - делінген хабарламада.

Еске салайық, 11 қаңтарда Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелерінің, депутаттар мен әкімдердің жалақысы былтыр жыл аяғында көп талқыланғанын айтты.

"Менің ойымша, олардың жалақысы жеткілікті. Сондықтан жалақыларын көтеруге 5 жылдық мораторий жариялауға болады. Бұл депутаттар үшін жақсы жаңалық емес екенін түсінемін. Бірақ сіздер түсіністікпен қарайсыздар деп ойлаймын. Әкімшілік мемлекеттік қызметшілер мен бюджет қызметкерлерінің жалақысын мүмкіндігінше көтеруді жалғастырамыз", - деді сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев.