Фото: Ашық дереккөзден
Қаңтар оқиғасы кезінде төңкеріс жасауға ұмтылғандардың кім екені бүкпесіз айтылуы керек. Мәжіліс депутаттары Бас прокурордың атына жолдаған депутаттық сауалында осындай талап қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.
“Бүкіл елді дүр сілкіндірген «Қасіретті қаңтар» оқиғасына 1 жыл болды. Сол күндері халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығы мен мызғымас егемендігіне зор қауіп төнді. Қаңтарлы күндерде Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жан-жүрегімізбен сезіндік.
Қаңтардың басы Маңғыстауда өріс алғаны белгілі. Оқиға сұйытылған газ бағасын төмендету керек деген ұранмен басталды. Басында бейбіт түрде басталған шеруді арандатушы топтар пайдаланып, оның соңы ірі қалаларда тәртіпсіздік пен қайғылы оқиғаларға ұласты”, – дейді депутаттар.
Мәжілісмендердің сөзінше, төңкеріс жасауға ұмтылғандардың басында белгілі саяси лауазымдағы адамдардың болғаны анық.
“Олар сатқындық жасап, Мемлекет басшысына елдегі ахуал туралы жалған ақпараттар берді. Іштен шыққан жаулар, мұқият ойластырылған ауқымды операцияда, кәсіби дайындықтан өткен баскесер-содырларды еш тартынбастан пайдаланды. Ірі шаһарымыз аяулы Алматы мен кейбір қалаларымызда ұрыстар орын алды. Ең сұмдығы ішкі және сыртқы жауларымыз біріге қылмыстық қимыл жасап, билікке қарсы қолдарынан келгенін істеді. Олар мемлекеттік органдарға, стратегиялық нысандарға, қару-жарақ дүкендері мен бизнеске тиесілі ғимараттарға аяусыз шабуылдар ұйымдастырды. Шын мәнінде, бұл елдік пен мемлекетімізге төнген аса қауіпті сын-қатер еді”, – делінген депутаттық сауалда.
Халық қалаулылары жыл басында халық талабын ескере келе, қаңтар қасіретін ашық талқылау үшін, «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы Бас прокурорға депутаттық сауал жолдағанын еске салды.
“Ол сауалға Парламентте арнайы жауап берілді. Шындығын айтқанда, Мәжіліс төрінде мемлекеттік төңкеріске итермелеген оқиғаны мұндай кең ауқымды талқылау ешқашан болмаған. Құқық қорғау органдары тергеу қорытындылары туралы есеп беріп, бәрі ашық айтылды. Сол кезде бірінші рет қайтыс болған 238 адамның тізімі мен 3 мыңнан астам қарудың ұрланғаны хабардар етілді. Қоғамды мазалаған сұрақтарды бүкпесіз қойдық. Біріне жауап алсақ, енді кейбіріне тергеу амалдарынан соң нақты жауап айтылады делінді”, – дейді мәжілісмендер.
Халықтың көкейінде әлі де жауабы жоқ сұрақтар жеткілікті екенін айтқан депутаттар тиісті күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдардан жылдың басында Мәжілістің алғашқы жалпы отырысына келіп, жоғарыда айтылған және басқа да сауалдарға бүкпесіз ашық жауап беруді талап етті.