03 нау, 2021 сағат 09:46

Депутат жастарға жалға берілетін пәтер құрылысын қаржыландыруды сұрады

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Айгүл Нұркина жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін пәтерлер құрылысын қаржыландыруды жалғастыруды сұрады. Осы орайда Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ел басшылығы жастар саясатына, атап айтқанда жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге баса назар аударып келеді. Мәселен, 2019 жылдан бастап Елбасының тапсырмасы бойынша жұмыс істейтін жастарға неғұрлым сұранысқа ие мамандықтар бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жалдамалы тұрғын үй беріледі. 2019-2020 жылдары жас мамандар мен жас отбасыларға 4 мыңға жуық пәтер берілді. Биыл Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тағы 3 мың пәтер беріледі», - деп тоқталды депутат.

Оның айтуынша, «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасына сәйкес, Үкімет 2021-2025 жылдар аралығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмыс істейтін жастар үшін жыл сайынғы негізде жалға берілетін пәтерлер беруді жоспарлап отыр.

«Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2022 жылдан бастап жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін пәтерлер құрылысын жыл сайын қаржыландыру қарастырылмаған. Осыған байланысты, мемлекеттік бағдарламаға жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін пәтерлер құрылысын қаржыландыруды 2025 жылға дейін ұзарту бөлігінде өзгерістер енгізу қажет деп санаймыз», - деді Айгүл Нұркина.