27 ақп, 2021 сағат 12:25

Депутат Вера Ким еліміздегі коммерциялық емес ұйымдарға қатысты пікір білдірді

Бүгін Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне орай Мәжіліс депутаты Вера Ким коммерциялық емес ұйым сектордың дамуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті. Іс-шара жыл сайын 27 ақпанда атап өтілетін Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні аясында өтті.

«Коммерциялық емес ұйым секторы елімізде айтарлықтай салмақты рөлге ие және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл арқылы жұмыс істеп келеді. Коммерциялық емес ұйымдар негізінен әлеуметтік блокта қызмет етіп жатыр. Осы орайдағы бағыттар халықтың өмір сүруін жақсартуға, экологияға, жануарларды қорғауға байланысты», - деді депутат елордада өткен кездесуде. 

Оның айтуынша, қазіргі кезде коммерциялық емес ұйымдар мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тұрғысында халық пен мемлекет арасындағы көпір болып тұр. 

«Біз гранттар түрлі қоғамдық бастамаларды қолдауға бөлінетінін білеміз. Елімізде коммерциялық емес сектор дамып келе жатыр. Осы орайда бір нақты бағытта мамандандырылған сервистік ұйымдар көбірек болғаны дұрыс. Сондықтан осындай ұйымдар өздерінің жарғылықты мақсаттарын жүзеге асырғаны маңызды. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетуге бейімделсе, онда шын мәнінде бұл сервистік ұйымдар халықтың осы санатындағы адамдарға қолдау жасағаны абзал», - деді Вера Ким.