05 шіл, 2023 сағат 15:43

Депутат Тұрлыхановтың ұлы 15 тәулікке қамауға алынды

Фото: uww.asia, видео кадры

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы басшының бұйрығына бағынбағаны және оны орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы соттарының ресми парақшасына сілтеме жасап.

"Алматы қаласы Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшілік құқық бұзушылық жасаған, әскери бөлім басшысының белгіленген тәртіп бойынша берген бұйрығын орындаудан ашық түрде бас тартқан қатардағы жауынгер Б.-ға қатысты әкімшілік істі қарады.

Сот 2023 жылғы 2 шілдеде әскери бөлімнің әскери қызметкері, қатардағы жауынгер Б. Алматы гарнизонының гауптвахтасынан шыққаннан кейін командирдің бұйрығына сәйкес өзінің әскери бөліміне баруы тиіс екенін анықтады. Алайда ол лейтенант А. хабарлаған бөлім командирінің осы бұйрығын орындаудан ашық түрде бас тартып, Әскери полиция басқармасының ғимаратына келген көлікпен белгісіз бағытқа кеткен.

Сот отырысында Б. іс материалдарында баяндалған фактілерді растады" - делінген хабарламада.

Сот қаулысы бойынша қатардағы Б. ӘҚБтК-нің 652 бабының 6 бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.