20 қыр, 2023 сағат 18:51

Депутат Мәжіліс отырысына тұрғындардың өтініші салынған жәшік алып келді

видео кадры

Депутат Мақсат Толықбай Мәжілістің жалпы отырысына қазақстандықтардың 8 мыңнан аса өтінішін алып келді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Мәжілісмен Премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, Алматы облысындағы саяжай тұрғындарының мәселелерін айтты.

"Мен саяжайларда тұрып жатқан, бюджеттен бір тиын да көмек алмайтын адамдардың аянышты жағдайын өз көзіммен көрдім. Расында, жағдай өте қиын, халықтың шыдамы таусылып барады. Мен өзім адамдармен кездестім. Өтініштер көп. 8 мыңнан аса өтініш әкелдім. Міне, осы өтініштердің барлығы", — деді депутат бір қорап құжатты көрсетіп.

Ол Қонаев, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл және Іле аудандарында 674 саяжай бар екенін айтты. Ондағы тұрғындар саны 500 мыңға таяп қалады. Бұл ретте жақын жерде қажетті инфрақұрылым жоқ: мектеп, балабақша, қоғамдық көлік, медициналық қызмет көрсету, асфальт, пошта бөлімшесі, байланыс тораптары, әлеуметтік қызметтер мен әлеуметтік нысандар.

Депутат бұл мәселе тек Алматы облысында ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерінде де бар екенін еске салды. Оның пікірінше, Үкімет мәселені шешу үшін тез арада арнайы бағдарлама әзірлеуі керек.

видео: Депутат Жұлдыз Сүлейменова Youtube арнасы