Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ғазиз Құлахметов Шығыс Қазақстан облысы шаруалары шығынға батып жатқанын, олардың малы жиі ұрлананатынын айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚХП фракциясының депутаттық сауалында мал ұрлау, шөп өртеу сияқты қылмыстардың бірқатар фактісі көрсетілген.
«Мал иелері күдіктілерді полицияға көрсеткен күннің өзінде бұдан ешқандай нәтиже шықпайтынын айтып, дабыл қағып отыр», – деді депутат Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.
Депутат Ғазиз Құлахметовтың айтуынша, облыстық полиция департаментінің дерегіне қарағанда, өңірде мал ұрлығы 2019 жылмен салыстырғанда 12 пайызға төмендеген, ал ірі қара мал басының бір бөлігі зардап шеккендерге қайтарылған. Алайда жергілікті тұрғындардың пікірінше, бұл бағыттағы жұмыс өте нашар жүргізілуде.
Депутат мал ұрлау сияқты мәселелер фермерлердің дамуына, атап айтқанда, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айтарлықтай зиян келтіретініне тоқталған.
«Тағы бір мәселені атап өткен жөн. Катонқарағай ауданында екі ветеринарлық зертхана жабылғаннан бері екі жылдан астам уақыт өтті. Салдарынан аудан тұрғындары мал және ара шаруашылығы өнімдерін зертханалық сараптамасыз сатып отыр. Негізінен мұндай өнімдерді мектептерге, балабақшаларға, асханаларға, кафелерге, мейрамханаларға тікелей жеткізеді.Ал сараптама жүргізу және өнімнің тазалығын растайтын анықтама алу үшін 200 шақырым жердегі көрші ауданға барып-келудің өз қиындығы бар», – деді Ғазиз Құлахметов.
Сондай-ақ депутаттық сауалда мал ұрлығы орын алған ауылдар мен аудандардағы полиция басшыларының қызметтік жауапкершілігін арттыру жайын қарастыруға кеңес берілген.
Оның айтуынша, әкімдердің жергілікті жерлердегі жұмысына да сын көзбен қараған жөн. Сонымен қатар асыл тұқымды малды ұрлағаны үшін жазаны қатаңдату мәселені шешуге көмектеседі деген болжам бар.