Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Қазақстанда жаңа ведомство - Су министрлігін құруды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Сіз қалай ойлайсыз? Біз су дипломатиясында ұтылып жатқан жоқпыз ба? Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде өткен айда Қырғызстанның жүк көліктері Қазақстанның кедені ақылы кіре алмай қалған. Соған жауап ретінде қырғыздың бір депутаты Қазақстанға өзен суын жібермей қояйық деп мәселе көтерген. Екі елдің арасындағы осы проблема кейін дауға ұласып кетпей ме?» - деп сұрақ қойылды депутатқа Мәжіліс кулуарында.
Бұл сұраққа жауап берген Еділ Жаңбыршин қырғыздың бір депутатының сөзі бүкіл мемлекетінің ұстанымы емес екенін атап өтті.
«Олардың да бізбен байланысатын комитеттері бар. Мемлекетінің құзырлы органдары бар. Арада келісімшарттар жасалған. Сондықтан бұл жерде меніңше, біз жұмыстарды жүйелеуіміз керек. Ескірген келісімшарттарды юәлкім қайта қарау керек шығар. Немесе келіссөз жүргізіп, жаңа келісімдерге келу керек пе?! Мәселен, біз бұл бағытта Орталық Азия мемлекеттерімен әлі күнге дейін концорциумды құра алмай жүрміз», - деді Еділ Жаңбыршин.
Оның айтуына қарағанда Қытаймен 7 жылға дейін аяқтай алмай жүрген келісімдер бар. Еділ Жаңбыршин осының бәрімен бір министрлік айналысуы керек дейді.
«Яғни Су министрлігін құру керек пе?» деген сұраққа депутат былай деді.
«Су - бізде үлкен ресурс. Сусыз халықтың әл-ауқатын көтеру мүмкін емес. Сондықтан бір министрлік құрып осы мәселелербдің бәрімен жүйелі түрде айналысуы керек», - деді ол.
Айта кетсек, осы жылдың сәуірінде қырғыз депутаты Айбек Алтынбеков Қазақстанды «су блокадасымен» қорқытқан болатын. Көрші елдің депутаты Қырғызстанның жүк көліктерінің Қазақстанға кіре алмай жатқанына көңілі болмаған.