31 қаң, 2024 сағат 17:18

Депутат қарапайым еңбек адамдарының жалақысына қатысты мәселе көтерді

Фото: Halyq Uni

Білім беру, денсаулық сақтау мекемелеріндегі орта және кіші буын мамандары мен қызметшілердің еңбекақысын кемінде екі есеге көтеру қажет. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдаған депутат Жұлдыз Сүлейменова айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» деген сөздерінен еңбек адамының заңды құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау, өмір сапасын жақсарту арқылы әлеуметтік әділеттілікті қалыптастыру міндеттері айқындалады. Жыл сайын Үкімет тарапынан азаматтық қызметшілердің жалақысында біліктілік санаттарына қолданылатын коэффициенттерді арттыру қарастырылып, жалақылары өсіп келеді. Өкініштісі сол, мекемелердің қызметін еден жуушы, аула тазалаушы, сантехник, плотник, электрик секілді қарапайым еңбек адамдарының күнделікті ауыр жұмыстарынсыз жүзеге асыру мүмкін емес болса да, бүгінде осы аталған жұмысшылар азаматтық қызметшілер реестрінде жоқ. Сондықтан, Үкімет тарапынан азаматтық қызметшінің айлығын арттырғанда осы еңбегі ауыр жұмысшылардың мүддесі ескерілмей келеді», - деді Мәжіліс депутаты.

Оның дерегінше, денсаулық сақтау, оқу-ағарту саласындағы ең ауыр жұмыстарды атқаратын жұмысшылардың айлық жалақысы төмен. Мысалы, мектептердегі еден жуушы – 82 856 теңге, электрик - 81 575 теңге, аула сыпырушы 79 317 теңге жалақы алады. Бүгінгі таңда тек орта білім саласында 261 мыңнан астам осы санаттағы жұмысшы бар. Олардың 254 мыңының қолына тиетін айлық жалақысы 74 мың теңгеден 85 мың теңге аралығында ғана.

«Білім беру, денсаулық сақтау мекемелеріндегі орта және кіші буын мамандары мен қызметшілердің еңбекақысын кемінде екі есеге көтеру қажет деп санаймыз. Атқаратын жұмысының күрделілігіне және ауырлығына әрі ерекшелігіне қарай лайықты жалақы тағайындалуы тиіс деп есептейміз. Себебі, жалақы әлеуметтік жағдайды, күнкөріс деңгейін, денсаулығына және балаларын өсіп-жетілдіруге жеткілікті болуы шарт. Әлеуметтік әділдік заманында жұмысы ауыр, еңбегі адал жұмысшылардың жалақысы артуы қажет. Халқымызда «Еңбек адамы – елдің құты» деген жақсы сөз бар. «АMANAT» партиясының фракциясы қарапайым еңбек адамдарына санатындағы жұмысшыларға лайықты жалақы төлеудің шын мәнінде әділ әрі бірыңғай жүйесін құру жөнінде ведомствоаралық жұмыс тобының жасақталуы кезек күттірмейтін мәселе деп білеміз», - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Осыған орай Мәжіліс депутаты «АMANAT» партиясы фракциясының атынан мынадай ұсыныстар енгізді:

1. Оқу-ағарту министрлігі 2016 жылдың 29 қаңтарындағы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің № 123 бұйрығымен бекітілген Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізілімін қайта қарап, еден жуушы, плотник, сантехник, аула тазалаушы, электрик санатындағы жұмысшылардың осы тізілімге енгізілуін қарастырсын.

2. Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, республикалық бюджетті нақтылау кезеңінде аталған жұмысшылардың базалық лауазымдық жалақысын инфляцияға және жұмыстардың күрделілігіне сәйкес ұлғайтуды қарастырсын.

3. Оқу-ағарту министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесе отырып, еден жуушы, плотник, сантехник, аула тазалаушы, электрик санатындағы жұмысшылардың еңбек демалысына төленетін төлем мөлшеріне сауықтыру жәрдемақысын қосу мүмкіндігін қарастырып, республикалық бюджеттен шығындарын есептесін.