03 мау, 2021 сағат 14:20

Денис Тен ісі: Жазасы жеңілдетілген Жанар Толыбаева қайтадан абақтыға қамалды


Алматы облыстық соты сотталушы Жанар Толыбаеваға қатысты «жазаны неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру» туралы Іле аудандық сотының қаулысын бұзды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 17 қаңтардағы Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының үкімімен Ж.Толыбаева «қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру» фактісімен кінәлі деп танылып, оған 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған, жазаны өтеу мерзімі 2018 жылдың 21 шілдесінен бастап есептелген. 

2019 жылы желтоқсан айында Ж.Толыбаева жаза мерзімінің – 1/3 бөлігін өтеп, өзінің конституциялық құқығын пайдалана отырып, «жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру» туралы арызымен сотқа жүгінген. 

2020 жылдың 6 қаңтарында Іле аудандық сотының қаулысымен Ж.Толыбаеваның арызы қанағаттандырылып, бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген мерзімі бас бостандығынан шектеу жазасына ауыстырылған. 

Сотта, Ж.Толыбаеваны мекеме әкімшілігімен жағымды сипатталғаны және прокурордың сотталғанның өтінішін қолдап, жазасын неғұрылым жеңіл түріне ауыстыруды сұрағаны ескерілген. 

2021 жылы қаңтар айында, жәбірленуші тарап сот қаулысымен келіспей, апелляциялық шағым беру мерзімін қалпына келтіріп, Алматы облыстық сотына сот қаулысын бұзуды сұрап жеке шағым келтірген. 

Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жыл 19 наурыз қаулысымен, Іле аудандық сотының 2020 жыл 6 қаңтардағы қаулысы бұзылып, жәбірленушінің жеке шағымы қанағаттандырылған. 

Сот алқасы, сотқа ұсынылған материалда сотталғанның түзелу жолына түскендігі туралы мәліметтің жеткіліксіз екенін, сонымен қатар, бірінші сатыдағы соттың шешім шығару кезінде жәбірленуші тараптың пікірі ескерілмегендігін анықтаған. 

«Осы орайда Ж.Толыбаева жазасын ары қарай өтеу үшін ЛА-155/4 түзету мекемесіне қайтарылды»,- делінген Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі жариялаған хабарламада.

Айта кетсек, белгілі спортшы, Олимпиада жүлдегері Денис Тенді өлтірген Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов және Жанар Толыбаевалар 2019 жылы қаңтар айында сотталған болатын. Судья екі сотталушыны 18 жылға бас бостандығынан айыру туралы, жүкті әйел Толыбаеваны 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.