04 мау, 2021 сағат 15:56

«Денежный поток» қаржы пирамидасы 370 салымшының 200 млн теңгесін жоқ қылған - ШҚО


ШҚО-да «Денежный поток» қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Қаржы пирамидасы – салымшылар кірістерді жаңа қатысушылардың жарнасы есебінен ғана алатын, қылмыстық жаза көзделген (ҚР ҚК 217-бабы) инвестициялық схема. 

Ақша ағымы тоқтағаннан кейін, төлем де тоқтатылады және схемаға қатысушылардың көпшілігі қаражатсыз қалады. 

Табыс алуға кепілдік берілген жалғыз адам – қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы.

Технологиялардың дамуы жағдайында пайда алу тәсілдері де қатар дамып келеді. 

Бүгінгі таңда қылмыстық схемаларды құрудың әртүрлі маркетингтік құралдары (мессенджерлер арқылы ақпарат тарату, әлеуметтік желілердегі жарнама және басқа) қолданылады.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті айналымы 200 млн теңгеден асатын «Денежный поток» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.

Тергеу барысында 2019-2020 жылдары ШҚО-ның екі тұрғыны мессенджер арқылы Ресейдің ірі құрылыс компаниясының қызметі түрінде алаяқтық схеманы ұйымдастырғаны анықталды.

Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар екі ай ішінде жарна сомасының 25% мөлшерінде апта сайын мол пайда табуға уәде берген. 

Бұл ретте сеніп қалған салымшылар ресми шарт жасаспаған, ал ақша аударымын ұйымдастырушылардың картасына жіберген.

Қаржы пирамидасына 370-тен астам адам алданып, оның тек 43-і органдарға жүгінді.

Кінәлі тұлғалар 5 жылға бас бостандығынан айырылды.