05 сәу, 2023 сағат 22:45

Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты тергеу аяқталды

Коллаж: rus.azattyq-ruhy.kz

Алматылық адвокаттарды соққыға жықты деген Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты тергеу аяқталды. Қылмыстық іс енді сотқа жолданады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Әскери-тергеу басқармасының мәліметінше, қатардағы жауынгер Нұрасыл Болат жанжал болған күні әскери жарғыны бұзып, қалаға қашып кеткен. Тек төбелестен кейін полиция бөлімшесіне жеткізілгенде бір-ақ табылған.

Ал мәжілісменнің баласынан таяқ жеген заңгерлер моральдық шығын ретінде 25 миллион теңге сұрағалы отыр.

Қоғамдық резонанс тудырған төбелес ақпан айында болған. Сол кездегі видео әлеуметтік желіге енді тарап жатыр. Кадрден Дәулет Тұрлыхановтың ұлы ерлі-зайыптыға жұдырық ала жүгіргені байқалады. Алдымен жігітті төпелеп, сосын оның әйелін ауыр соққысымен сұлатып түсірген.

Соққыдан есін жоғалтқан Анна Чернова екі ай өтсе де, тамақты дұрыс шайнай алмай қиналып жүр. Төбелесте жағы мен иығын жарақаттаған әйел енді сотта моральдық шығын ретінде 25 миллион теңге сұрамақшы. Жәбірленуші тарап бұл қаражатты қайырымдылыққа жұмсауды жоспарлапты.

"Басқа азаматтар сияқты біз де құқығымызды пайдаландық. Моральдық шығынды өтеп беруді сұрадық. Сомасын айттық. Менің Instagram парақшамда оқырман саны көп. Көмек сұрайтын жандар жетерлік. Өзім де бірнеше қайырымдылық қорын білемін. Сот шешімімен бекітілген шығын көлемін айыпталушы тарап біздің қолымызға ұстатпаймыз десе де келісеміз" - дейді ол.

Келеңсіз жайт «тиіспе» деген бір ауыз сөзден басталған екен. Атақты спортшының ұлы бір қызды жұлқылап жатқанын көріп, араша түскен ерлі-зайыптылар ақыры өздері оңбай таяқ жеді. Сондықтан олар ақша бергеннің өзінде айыпталушы тараппен татуласпаймыз, кімнің баласы болса да, заң алдында тиісті жазасын алу керек деген ұстанымда.

"Бізді ұрып жатқан видеоны кім және не үшін салғанын білмейміз. Сосын ол болған оқиғаның бір бөлігі ғана. Бізде одан да сорақы видеолар бар. Көздегеніміз ақша емес — әділдік. Бұл келеңсіз жайт барлығына сабақ болу керек. Тұрлыхановтың баласы жазасыз қалмау керек. Істі соңына дейін жеткіземіз" - дейді Олег Чернов.

Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жүріп жанжалға араласқан сарбаз Нұрасыл Болатқа денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру бабы бойынша айып тағылған. Әскери-тергеу басқармасының мәліметінше, төбелес күні қатардағы жауынгер кешке дейін сұранып, әскери бөлімге қайтып оралмаған. 19 жастағы жігіт полиция бөліміне жеткізілгенде ғана оның Алматыда жүргенін бір-ақ біліпті.

"Жеделтергеу амалдары бойынша күдікті ретінде Болат Н.Д. кінәсі толықтай дәлелденді. ҚК 107-бабы, 2-тармағымен жүргізілген тергеу аяқталды. Қазіргі кезде іспен танысу жүріп жатыр. Бәрі біткеннен кейін Алматы әскери сотына жібереміз. Қазір Болат Н.Д. әскери бөлім бақылауында" - дейді ҚР ІІМ Оңтүстік-өңірлік әскери-тергеу басқармасының бастығы Мұхит Жауғашев.

Жалпы бұл бап бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Айта кетейік, осыған дейін Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов «Балам кәмелетке толған, сондықтан қолымен істегенді мойнымен көтереді» деп пікір білдірген болатын.