08 ақп, 2020 сағат 17:11

Дархан Мыңбай: Ішкі істер министрлігі Қордайдағы оқиғадан қорытынды шығаруы керек

Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай Қордайдағы оқиғаға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Меніңше, бұл оқиғаның бағасы Президент айтқандай «негізгі себеп анықталғаннан кейін» беріледі. Бұл жерде біз халықтың жеке санатының тарапынан құқықтық нигилизмді әрі Қордай ішкі істер бөліміндегі полиция қызметкерлерінің әлсіз дайындығын көріп отырмыз. Егер олар кәсіби түрде әрекет еткенде оқиғаның салдары мұншама ауыр болмас еді. Олар құқықбұзушының бағынбай, көрсеткен қарсылығының жолын кесер еді. Менің ойымша, Ішкі істер министрлігі тиісті қорытынды шығаруы керек», - деді Дархан Мыңбай.

Бұған дейін Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болғанын хабарлаған болатынбыз.

Көп уақыт өтпей Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жаппай төбелеске қатысты пікір білдірді.

«Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады», деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.

Ал бүгін Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.