21 там, 2019 сағат 11:43

Дархан Қыдырәлі мен Дәулет Кәрібек Nur Otan саяси кеңесі бюросының құрамына сайланды

Елордада Елбасы, Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен партия саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. 

Жиында саяси кеңес бюросының құрамына өзгерістер енгізілді.

«Бұрын айтқанымдай, халыққа барынша жақын болу керек. Шенеунікке тән сипаттан арылған жөн. Сол себепті, жастарға қолдау білдіріп, әсіресе, ауыл жастарын қолпаштап, интеллигенциямен тұрақты диалогты жолға қойған абзал. Сол себепті, Саяси кеңес Бюросының құрамына өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев мемлекеттік қызметке өтті. Оған сәттілік тілеп қоялық. Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов мемлекеттік қызметке барып, министр атанды. Оған да рахмет!

Елбасы сөзін жалғастыра келе, Бюро құрамынан шығып қалған мүшелердің орнына «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қуандықұлы Қыдырәліні енгізуді ұсынды.

«Ол көпке белгілі. Газетті көтерді. Біздің интеллигенциямен байланысы мықты. Сонымен бірге, «Jas Otan» жастар қанатының лидері Дәулет Кәрібекті ұсынамын. Жастардың атынан сол сөйлесін», - деді Елбасы.

Қатысушылар бұл шешімге бірауыздан қолдау білдіріп, дауыс берді.